Пікір
2 мин оқу 180

Толғақты мәселенің түйінін тарқатты

<p style="text-align: justify;">Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында &laquo;Еgemen Qazaqstan&raquo; газетіне берген сұхбатында барша қоғамның көкейінде жүрген небір түйткілді мәселенің түйіні тарқатылды.</p>

Толғақты мәселенің түйінін тарқатты

Президент 2023 жылдың еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы болғанын атай отырып, негізгі саяси реформалардың аяқталып қалғандығын, оның ішінде, әсіресе Конституциялық соттың жұмы­сын бастағанын, сол сияқты Мәжіліс пен бар­лық деңгейдегі мәслихат депу­тат­тары­ның жаңа ереже бойынша сайлан­ған­­дығын, сондай-ақ алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің және ауыл мен аудан­дық маңызы бар қала әкімдерін сайлау­дың жалғас­қандығын тілге тиек етті.

Қ.Тоқаев мемлекетіміздің әділ және бәсекелі экономика жүйесін құру, экономиканы әр­та­раптандыру және монополиядан арылу, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыса бастағанын, сонымен қатар әлеуметтік салада қордаланып қалған мәсе­лелердің біртіндеп шешіле бастағанын алға тартты. Бұл айтылғандардың дәлелі ретінде еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеру­де екенін, сондай-ақ ауыл­дар­да денсаулық сақтау нысан­дары­ның да салынып жат­қан­дығын және әлеуметтік тұр­ғы­дан осал топтағы азамат­тарға кешенді түр­­де қолдау көрсетуге бағыт­талған Әлеу­мет­тік кодекстің қабылданғандығын атап өтті.

Мемлекет басшысы ұлттық мүддені ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатымыздың жалғасатынына екпін беріп, 2024 жылы еліміздің бірне­ше беделді халықаралық ұйымға, атап айт­­қанда, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­на, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мем­лекеттері ұйымына, Аралды құт­қару халық­аралық қорына, Азық-түлік қауіп­сіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық ететінін мәлім етті.

Президент қасіретті Қаңтар оқиғасын  былайша сипаттайды: «Мен бұл туралы көп ой­ландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қорда­ланған әлеуметтік-эконо-микалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Қаскөйлердің мемлекет­тік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншіл­дер бірге қимыл­дады. Олардың мақ­саты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік инсти­туттардың қызметін тұра­лату, конститу­циялық құры­лымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді».

Мемлекет басшысы және бір шын­дықты, өзінің 2019 жы­лы Прези­дент лауазымы­на сай­ланғаннан кейін елі­міз­­дегі күрделі билік жүйе­сінің қалып­­тас­­қандығын бүкпесіз ашып айт­ты: «Бәзбі­реу­лер қосар­ланған билік жүйе­сін орна­туға талпынғаны, тіпті мұндай әре­кет­терді әдейі әрі мұқият ұйымдас­тырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуал­­ды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қо­самжарланған билік орталығын құруға тырысты... Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын», деді.

Жалпы, бұл сұхбатта көте­ріл­ген мәселелердің бәрі де еліміздің тұрақты дамуы үшін өте маңызды. 

Әділ АХМЕТ,

Төтенше және өкілетті елші, профессор 

Бөлісу: