Басылым
2 мин оқу 280

Әдебиеттану антологиясы

<p style="text-align: justify;">Жақында &laquo;Таңбалы&raquo; баспасынан (Алматы) филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы бастаған ғылыми зерттеушілер тобы (Ұ.Еркінбаев, К.Төребекова, А.Рақымбаева) құрастырған үштомдық &laquo;Қазақ әдеби-эстетикалық ой-пікірінің антологиясы&raquo; жарық көрді. Оның бірінші томы &laquo;Алаштық бағыттағы ой-пікірлер&raquo;, екінші томы &laquo;Кеңестік кезеңдегі қазақ әдеби сыны&raquo;, үшінші томы &laquo;Тәуелсіз елдің әдеби сынындағы көркемдік ізденістер&raquo; деп аталады. Бұл еңбек Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында орындалып, Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламалық-нысаналы жобасы негізінде жарияланып отыр.</p>

Әдебиеттану антологиясы

Авторлар: «Сөз өнерінің шыңы – көркем әдебиет. Әде­биеттің дамуы сол халық­тың әдеби-эстетикалық ой-пікірінің, сұлу сөзге деген сын­шылдық көзқарасының да­муымен ті­келей байланысты. Тұнық та­биғаттың аясында еркін өмір сүрген қа­зақ халқы сөз өнеріне ерек­ше мән берген. Адамды сөзіне қарай бағалаған», деп тұжырымдай отырып, Әбу Насыр әл-Фарабиден Ба­қыт Сарбалаұлына дейінгі тұл­ғалардың, ғалымдардың, әде­биетшілердің таңдаулы ой-пікірлерін жинақтаған.

Үш томдықта халық эстетикасынан бастау алған қазақ әдеби сынының алғашқы ке­зеңнен бүгінге дейінгі жолы, ізденісі, сабақтастығы мол ма­териалдар ұсынылған.

Заман жаңаруымен кезең, заман, дәуір көркем әдебиетке жаңа талап қояды. Бір кездегі социалистік-идеологиялық таным мен талап қағидатының өзгеруі әдебиетттануға әдіс­на­малық тың серпіліс әке­ліп, ұлт­тық дәстүр мен әлем­дік әде­биеттану ықпалдаса түсті. Шынайы шығармашылық үрдістерді зерделеу күн тәр­тібіне шықты.

Қазір талғам мен зерт­теудің табиғи даму жолын таңдаған қоғамымызда ер­кіндік пен ізденіс көп. Осы тұрғыдан қарағанда, ғылыми топ әдебиеттану мұраларын орайлы сараптаған. Кеңестік 1930-1950 жылдардың талдаулары оқырманды бейжай қалдырмайды. Антология материалдарында саяси өмір мен мәдени өмір арасындағы шетін мәселелер, арда тұлғалардың батыл ізденістері, әлем тәжі­ри­бесіне деген ынта-ықы­лас, түрлі конъюнктура, схе­ма­шылдық мәселелері заманына сай қарастырылған.

Антология жоғары оқу орын­дарының бакалавриат, ма­гистратура, докторантура бағдарламасында оқып жүр­­ген талапты жастарға, әлеу­меттік-гуманитарлық ғы­лым зерттеушілеріне, руханият та­рихына қызығушы жалпы оқыр­манға арналған.

Сабыр Шәріп,

PhD

Бөлісу:
Әдебиеттану антологиясы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар