Өнер
1 мин оқу 202

Қастеев мұрасына құрмет

<p style="text-align: justify;">Ұлт кескіндеме өнерінің тарланбозы Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Ұлттық бейнелеу өнері десе, Әбілхан Қастеевтің есімін бренд деп білеміз. Халық суретшісінің &laquo;Көгілдір көйлекті қыз&raquo;, &laquo;Амангелді сарбаздары&raquo;, &laquo;Қалыңдық&raquo; секілді өзге де туын&shy;&shy;дыларын замандастары, май&shy;талман мамандар жоғары ба&shy;ғалағаны анық.</p>

Қастеев мұрасына құрмет

Бейнелеу өнері алыбының мерейтойына орай Тараз қалалық «Анаға тағзым» орталығының ұйытқы болуы­мен іс-шара өтті. Қастеев мұрасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға жергілікті суретшілер қатысып, Бродский студиясында шеберлігін ұштаған өнер иесінің туындылары туралы ойларын ортаға салды.

«Уақытында Әбілхан Қастеевті өз көзіммен көріп, қайталанбас тұл­ғаның қасында болдым. Даңқты су­ретшінің галереясынан әкемнің паровоз жүргізіп бара жатқан картинасын тамашалап, керемет сезімді бастан кешірген едім», деді еңбек ардагері Гүлбахрам Ақылова өткен шаққа көз жүгіртіп.

Іс-шара барысында сөз алған режиссер Қаржаубай Сыдықназаров пен Қазақстан Суретшілер одағы об­лыс­тық филиалының жетекшісі Айдар­хан Сихаев Әбілхан Қастеев карти­на­ларының ерекшелігі туралы тол­ғамды ойларын бөлісті.

«Әсілінде суретші мамандығына қы­зыққан кез келген жас Алматыдағы Қастеев галереясын көзбен көріп, оның қолтаңбасының ерекшелігін жүрекпен сезінуі керек. Әбілхан мұрасының ар­тықшылығын түсінген жас қана мықты маман бола алады», деді А.Си­хаев іс-шара барысында сөйлеген сөзінде.

Жас таланттардың бейнелеу өне­ріне қызығушылығын арттыру, Қас­теев мұрасын ел ішінде насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кездесуде өзге де мамандар пікірлерін ортаға салды. Өнерпаздардың әдемі әндерімен әдіптелген іс-шараның жоғары дең­гейде өтуіне Д.Қонаев атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұжымы атсалысты. Кітапханашылар ұйымдастырған көрмені тамашалаған көпшілік Әбілхан Қастеев туындыларымен тереңірек танысты.

ТАРАЗ 

Бөлісу:
Қастеев мұрасына құрмет · Egemen Qazaqstan