Құқық
2 мин оқу 255

Әпербақан күйеу

<p style="text-align: justify;">Әр баланың тәрбиелі, инабатты әрі мейірімді болып бой түзеуіне отбасындағы татулықтың ықпалы зор. Алайда баласына өнеге көрсетудің орнына жылы ұясын ойрандап, әйеліне әңгір таяғын ала жүгіретіндер азаймай отыр.</p>

Әпербақан күйеу

Атырау қалалық полиция басқар­масы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қор­ғау тобының инспекторы Әйгерім Орақ­бае­ваның берген мәліметіне сүйен­сек, кейінгі екі жылда отбасында зор­лық-зом­­былыққа қатысты 5 мыңға жуық құ­қық бұзушылық жасалғаны анықтал­ған. Ал әйелдерге қарсы 15 қылмыстық іс тіркелген.

«Отбасындағы зорлық-зомбылық азай­май отыр. Мәселен, кейінгі екі жыл­да облыс орталығында осындай 5 мыңға жуық құқық бұзушылық анықтал­ды. Осыған байланысты 4 770 адам Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы ко­дексінің 73, 73-1 және 73-2-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 3 145 адамға қорғау нұс­қамасы шығарылды. Әйел­дерге зә­бір көрсетуге қатысты 15 қыл­мыстық іс қоз­­ғалды. Қорғау нұсқа­масын бір ай ішін­­­де бұзып, агрес­сиялық мінез-құ­лық көрсеткен 196 адам осы заңның 461-ба­бына сәйкес жазаланды», деді Ә.Орақбаева.

Жергілікті полиция қызметі басқар­масы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жө­ніндегі аға инспекторы, полиция майо­ры Раиса Айтжанованың айтуын­ша, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсе­тудің бірнеше себебі анықталып отыр. Біріншіден, бұған маскүнемдік әсер етеді. Екіншіден, қызғаныштың соңы кикілжіңге, тіпті зорлық-зом­былыққа ұласады. Үшіншіден, жұ­­мыс­­сыз­дықтың салдарынан ерлі-
зайып­тылар арасында араздық туын­дайды.

«Биыл қаңтар айында полицияға тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа ұшы­рауға байланысты 399 шағым түсті. Оспадар отағасының заңға қайшы әрекетінің кесірінен 15 адам дағдарыс орталығына орналастырылды. Оның ішінде 4 әйел, 11 бала бар. Ал 272 адам Әкімшілік құ­қық бұ­зушылық туралы кодексінің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) жауапкершілікке тартылды. Бұлардан өзге 290 адамға қатысты бір ай мерзімге қорғау нұсқамасы шыға­рылған еді. Бірақ сол кезеңде ерсі мінез-құлқын көрсетіп, қорғау нұсқамасын бұзған 19 адам жазаланды. Мәжбүрлеп емдеу мекемесіне 3 адам жіберілді», дейді Р.Айтжанова.

Оның айтуына қарағанда, Атырау қаласында дағдарыс орталығы, Жылы­ой мен Құрманғазы ауданында арнайы кабинет ашылған. Мақсат – отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге қолдау көрсету.

«Жуан жұдырығын ала жүгіретін күйеуінен зәбір көрген әйелдер неме­се осындай оқиғаға куә болғандар ішкі істер органына арызбен жүгінуі қажет. Полиция қызметкерлері жәбірленуші­лерге құқықтық кеңес, психологиялық көмек көрсетеді. Жәбірленушілерді әпербақан күйеуден қорғау үшін же­ке профилактикалық шараларды қолға алып, дағдарыс орталығына бағыт­тайды», деп түсіндірді Р.Айтжанова.

Атырау облысы 

Бөлісу:
Әпербақан күйеу · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар