Ел чемпионы атанды
<p style="text-align: justify;">Алматы қаласында ересектер арасында «Муай-тай» спорттық жекпе-жегінен өткен ел чемпионатында 5517 әскери бөлімінің қызметкері Әли Нәсіпқалиев чемпион атанды. Бұл жөнінде Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.</p>

Сайысқа еліміздің 11 аймағынан келген 110 тайбоксшы қатысты. Олардың арасында Азия, Еуропа, Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегелерлері де бар еді.
Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының муай-тай федерациясының президенті Фархат Аманқұлов осы жарыстың жеңімпаздары мамыр айында Грекия елінде өтетін әлем чемпионатына қатысатыны, болашақта муай-тай спортының олимпиада ойындарына қосылатыны туралы айтқан еді.
Жарысқа Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімі атынан барып, 91 кило салмақта жеңімпаз болған Әли Нәсіпқалиев жүлденің оңай келмегенін айтады:
– Муай-тай – физикалық тұрғыдан көп дайындық талап ететін спорт. Жеңістің қай-қайсысы да оңай келмейді ғой. Осы кезге дейін талай жарақат алсам да, табандылықпен алға ұмтылып келемін. Қарсыластарым да осал емес, әрқайсысы өз аймағынан келген чемпион. Әсіресе финалдық жекпе-жек қиын болды. Табандылық пен тәжірибе арқасында ел чемпионы атандым. Енді әлем чемпионатына дайындығымды бастаймын, – дейді Әли.
Батыс Қазақстан облысы
