Аймақтар
3 мин оқу 210

Миялы жұрты жұдырықтай жұмылды

<p style="text-align: justify;">Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылына төнген тасқын судың қаупі әлі толық сейілген жоқ. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Ойыл өзеніндегі су деңгейі үш күнде 4 метр 80 см-ге жеткен. 1 сәуірде өзендегі су деңгейі 98 см-ге төмендеді. Бұған Ақтөбе өңіріндегі күннің жылынуы мен жауын-шашын әсер еткен.</p>

Миялы жұрты жұдырықтай жұмылды

Ал Қызылқоға ауданы әкімді­гі­нің мәлі­­ме­тінше, 31 наурызда Ойыл өзені арнасынан асып, тасқын судың Миялы ауылына кіру қаупі төнген еді. Сол себептен ауданда төтенше жағдай жа­рия­­­­ланды. Өйткені ауылдың ірге­­сі­не тірелген су деңгейі 1 метр 20 см-ге жетті. Жо­лын­дағының бәрін тып-типыл ететін топан судан құтқару қажет болды. Сөйтіп, Миялы ауылының тұрғындарын ішінара эвакуациялау басталды. Санаулы сағатта аналар мен балалар, науқастар мен мүге­дектер санатындағы 600-ге жуық тұрғын екі мектеп пен бір бала­бақшаға орналастырылды.

Ойыл өзеніндегі судың арнасынан асуына байланысты округтерге қайықпен қатынау тоқтатылды. «Миялы-Сағыз» бағытындағы жол­ды су басып, көлік қатынасына шек­­­теу қойыл­­ды.

«Миялы ауылының іргесіндегі бөгетті көте­ру, бекіту, қапшыққа құм толтыру жұмыс­­тары жалға­сып жа­тыр. Оған мекемелерден – 275, по­ли­ция бөлімінен – 48, төтен­­ше жағ­дайлар бөлімінен – 35 қыз­меткер, 3 мыңнан аса ерікті жұмыл­ды­рылды», деп хабарлады аудан­дық әкімдіктен.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы өңірдегі кәсіпорын­дар­дың техникасын Миялы ауылына көмекке жіберді. Нақтылай айтқанда, «Нұр­капитал» ЖШМ-нан – 1 бульдозер, «Сұңқар Құрылыс ЛТД» және «Темірстройсервис» ЖШС-дан – 2 жүк тиегіш, 2 экскаватор, «Нұркапстройгаз» ЖШС-дан 1 жүк тиегіш техника тартылды.

Жергілікті 15 кәсіпкер ауылды тасқын судан қорғап жүрген жігіттерді ыстық тағаммен қам­­ту­­ды қолға алды. Кәсіпкерлер бір күнде 1 500 адамдық ыстық тағам мен сусын дайындады.

«Тасқын судың қаупі төнгенде ауылдың үлкені мен жасы қолға күрек алып, мекенімізді қор­­ғау­ға жұмыла кірісті. Біз оларды және бар­лық техникамен көмек­­тескен «АИС» ЖШС-ның жұмысшыларын ыстық тағам­­мен қамтуды ұй­ғар­дық», дейді жер­гі­лікті кәсіпкерлер па­­­­ла­­та­сы­­ның басшысы Алтынзер Баймұратова.

Ыстық және өзге де тағамдар «Бақыт» мей­рамханасында әзір­ленді. Мұнда үздіксіз жұ­мыс істеп жүргендердің арасында Гүлзира Елеуғалиқызы да бар.

«Халқымыздың бірлігі мен берекесі осындай сәтте көрінеді. Ер-азаматтар күні-түні ауыл­­ды судан қорғау үшін ауызбіршілік танытты. Мен де өзімнің киім сататын дүкенімнің есігін кілттеп, осы жерде жүрмін. Тек табиғи апаттан аман шықсақ екен», дейді Гүлзира Елеуғалиқызы.

Миялы ауылының Бәйсеу бөлі­гін­­де тұратын Серік Ожаевтың отбасы да жанашырлық іске бел шеше кі­­­­рісті. Бұл отбасының мүше­ле­рі бөгет тұрғызып, қап­­шық­­қа құм тол­­­­­­­ты­рып жат­­қан­­­дар­ды тамақ­тан­дыр­­ды.

Қызылқоға ауданы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, мұнда 557 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 407 шаруашылық Ойыл өзенінің бойында орналасқан.

«Шаруа қожалықтарының иеле­ріне Ойыл өзеніндегі судың көте­рілуінен төнер қауіп туралы алдын ала ескертілді. Өзендегі судың күн­де­­лікті деңгейі мен тас­­­қынның ек­піні ұдайы хабарланды. Осындай ескертудің нәтижесінде Жамбыл, Жангелдин, Ойыл, Тайсойған ок­ругтерінде тіркелген 7 шаруа қо­жа­лығының 14 адамы мен төрт түлігі қауіпсіз аумаққа көшірілді. Төрт түліктің ішінде 2 209 қой-ешкі, 448 мүйізді ірі қара, 138 жылқы, 20 түйе бар», деп мәлімдеді аудандық әкім­­­діктен.

Бір ауылды ғана емес, елді қиын­­­дықтан осындай ауыз­­­­бір­шілік құт­­қарары даусыз.

Атырау облысы 

Бөлісу:
Миялы жұрты жұдырықтай жұмылды · Egemen Qazaqstan