«Шежірелер жинағын» Ұлттық қорға тапсырды
<p style="text-align: justify;">Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры жақында бірқатар көне мұрамен толық­қанын мәлімдеді Ұлттық орталық қыз­мет­керлері. Мажарстан универ­ситетінің докторанты, болашақ тарихшы, этнограф Назира Әбді­на­сырқызы Ұлттық орталық қорына атасының жеке қорында сақталған кітап­тарын тарту етті.</p>

Табысталған әдебиеттер ішінде Шығыс шайырларының бірегейі саналатын өзбек халқының ұлы ақыны Әлішер Науаидың шығармалары, Шығыс әдебиетінің жауһарына жататын Физулидің «Ләйлі мен Мәжнүн» поэмасы, КСРО Ғылым академиясы баспасы 1952 жылы шығарған түркі және моңғол тайпалары туралы әңгімелердің қысқаша мазмұны берілген Рашид-ад-диннің «Шежірелер жинағы» еңбегі, академик Василий Бартольдтің 1966 жылы жарық көрген шығармаларының IV томы (онда археология, нумизматика, эпиграфия және этнографиялық дүниелер топтастырылған), сондай-ақ исламның пайда болуынан бастап бүгінге дейінгі негізгі мұсылман әулеттеріне шолу жасалып, халифалар, сұлтандар, билеушілер тізімі, билік еткен жылдары көрсетілген Клаффорд Эдмунд Босворттың «Мұсылман әулеттері. Хронология және шежіре анықтамалығы» және басқа да сирек кітаптары бар.
Бұл кітаптар 1930 жылы Түркістан облысының Балтакөл аулында дүниеге келген Әбдінасыр Сейітжановтың жеке қорынан алынды. 1987 жылы 57 жасында Ташкенттегі әмбебап кітапханада дүниеден өткен ол 70-тен астам қолжазбалар мен шығыстану бойынша 1300-ге жуық кітап жинаған екен.