Денсаулық
2 мин оқу 220

Жұқпалы ауруға жол берілмейді

<p style="text-align: justify;">Су тасқынының салдарынан төтенше жағдай режімі енгізілген өңірлерде құтқарушылармен қатар медицина қызметкерлері де тұрғындарға алғашқы көмек көрсетуге асығады. Медициналық ұйымдар күшейтілген режімде жұмыс істеп, қосымша дәрігер, жедел медициналық жәрдем бригадалары тартылған.</p>

Жұқпалы ауруға жол берілмейді

Төтенше жағдай жария­ланған өңірлерде дәрі­герлер тыным таппай, тәулік бойы жұмыс істейді. Меди­цина қызметкерлері ауыл-аймақ­тағы жүкті әйелдерді эвакуациялап, босану мерзімі таяғандарды ауруханаға жедел жеткізуге тырысады. Нақ қазір су астында қалған аймақтарда 3 мың дәрігер мен 300 жедел жәрдем бригадасы тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. Санитарлық-гигиеналық және эпи­демияға қарсы іс-шара­лар­­ға 900-ге жуық арнайы ма­­ман тартылған. Төтенше жағ­­дай жарияланған өңірде тұр­ғын­дардың денсаулығын қада­ға­лап, дәрі-дәрмекпен және меди­циналық бұйымдармен қамтамасыз ету жайы – назарда. Әсіресе ақ желеңділер жүкті әйелдердің, балалар мен қарттардың жағдайына жіті назар аударады.

Денсаулық сақтау министр­лігі төтенше жағдай режімі жария­лан­ған өңірлерде ауызсумен жабдықтау сапасын да бақы­лайды. Эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар ая­сында Санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау коми­тетінің аумақтық бөлімшелері сумен жабдықтау көздерінің нысандарын ұдайы тексеріп отырады. Қазірдің өзінде судың санитарлық-химиялық және микробиологиялық көр­сет­кіш­теріне қатысты 4 мыңнан аса сынама алынып, зерттеліп, оның ішінде гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін 133 сынама анықталыпты. Денсаулық сақтау министрлігі осындай іс-шаралардың көмегімен су тасқыны кезінде эпидемиялық жағдайды мейлінше бақылауға тырысады. Мысалы, қазір елде су тасқынына тән инфекциялар бо­йынша жағдай тұрақты. Жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет маман­дары ауызсумен қамтуға көп көңіл бөле бастаған. Судың сапасы мен қауіпсіздігін сынайтын зертханалық бақылау нәтижелеріне зер салсақ, жұқ­па­лы аурулардың су арқылы тара­лу қаупі байқалмайды екен. Су тасқыны кезінде профи­лак­тикалық, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізіп, су басқан учаскелерде аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу бойынша көмек көрсету үшін өңірлерге Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары жіберілген.

Кейінгі апталарда әлеу­меттік желіде су басқан ау­мақ­тарда инфекциялық ауру­лардың өршу қаупі туралы хабарламалар тарай бастады. Денсаулық сақтау министрлігі осы сипаттағы шындыққа жанаспайтын, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады.

«Су тасқынына байла­ныс­ты санитарлық-эпиде­мио­логиялық қызметтің (СЭС) жұмысы күшейтілген режімге ауыс­ты­рылды. Инфекциялық сыр­қат­тану­шылық бойынша эпиде­мия­­лық жағдай тұрақты, су тас­қыны кезеңіне тән нозология­лар бойынша инфекциялық сыр­қатта­ну­шылықты тіркеу көр­сет­кіші өткен жылдардың орташа рес­публикалық көрсет­кішінен (2022-2023 жылдар) аспайды. Бар­лық объектіде инфекциялық ауру­лардың профилактикасы мақсатында СЭС органдары ауызсумен жабдықтауды бақы­лауды күшейтті. Эпиде­мия­лық жағдай туралы сенімді ақпа­рат алу үшін ресми дерек­көз­­дерге, Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне, Санитарлық-эпи­де­миологиялық бақылау коми­те­­тіне, жергілікті жер­лер­дегі Ден­сау­лық сақтау бас­қар­масына хабар­ласуды сұрай­мыз», делінген минист­р­ліктің ресми хабарламасында.

«Кемедегінің жаны – бір» деген. Төтенше жағдай кезінде құтқарушылармен қатар медицина қызметкерлері де қайыққа мінгесіп, су басқан аудандардың тұрғындарын эвакуациялауға жәрдемдесіп жатыр. Мысалы, Ақтөбе облысы Әйке ауылының дәрігерлік амбулаториясының медицина қызметкерлері Жүр­генев ауылының 530 тұрғынын аудан орталығына қайықпен эва­­куа­циялауға көмектесіпті. Олардың арасында қарттар мен балалар, жүкті әйелдер көп екен. Елдегі ахуалды түсі­ніп, құтқарушылармен бірге иық тіресе тұрғындарға жәр­дем­десіп жүрген медицина маман­дарының еңбегі зор. 

Бөлісу:
Жұқпалы ауруға жол берілмейді · Egemen Qazaqstan