Бокс
2 мин оқу 90

Үш боксшымыз үздіктер қатарында

<p style="text-align: justify;">Жуырда Boxrec.com порталы әуесқой боксшылардың әлемдік рейтингін жариялады. Бізді бір қуантып отырған жайт, 80 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасып жүрген қазақтың үш бірдей гүрзі жұдырықты жігіті үздіктер тізіміне енді.</p>

Үш боксшымыз үздіктер қатарында

Атап айтсақ, жартылай ауыр сал­мақтағы саңлақтардың рейтингінде Нұрбек Орал­бай екінші орынды иеленген. 23 жас­тағы астаналық былғары қолғап шебері 2018 жылы Будапештте өткен жастар арасындағы әлем бірін­шілігінде бас жүлдені олжалап, көпші­ліктің на­зарына ілікті. Ересектер дуына қо­­сылғаннан кейін де Нұрбек биік белес­терді бағындырды. 2022 жылы ол Амманда ұйымдастырылған Азия бі­рін­шілігінде күміспен күптелсе, былтыр Ташкентте әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар биыл Оралбай Париж Олимпиадасында өнер көрсетеді.

Осыдан бес жыл бұрын Екатерин­бургтегі дүниежүзілік додада дараланып, алтын тұғырға көтерілген Бекзат Нұрдәулетов сегізінші сатыға жайғасты. Ұлттық құрама сапындағы өз орнын Нұрбек Оралбайға босатқан 25 жас­­тағы Жаңаөзеннің тумасы бұл күн­дері кәсіпқой рингте бақ сынап жүр. Әзірге аяқ алысы жаман емес. Күні бү­гінгі дейін алты жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіс тұғырынан көрінді.

Үздіктер тізімінде Тоқтарбек Таңат­қан алтыншы орынға табан тіреді. Қытай елінің атынан өнер көрсетіп жүр­ген 27 жастағы қандасымыздың да ба­ғындырған белесі бір төбе. Ол – Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Тоқ­тарбек 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпиадаға да қатысты. Бірақ бұл жарыста қандасымыздың жолы болмады.

80 кг салмақ дәрежесінде Александр Хижняк көш бастап тұр. Токио Олим­пиа­дасының күміс жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы, Еуропа ойын­дарының екі дүркін жеңімпазы 28 жас­тағы Украинаның мақтанышы қазіргі кезде Париждегі дүбірлі додаға қызу дайындалып жатыр. Сондай-ақ топ-10 боксшының қата­рына Имам Ха­таев (Ресей), Каллум Пи­терс (Аус­тра­лия), Арлен Лопес (Ку­ба), Тұрабек Ха­би­буллаев (Өзбекстан), Келин Кэсси­ди (Ир­ландия), Саль­ваторе Кавал­ла­ро (Ита­­лия) сынды бокс­шылар еніп отыр.

АЛМАТЫ 

Бөлісу:
Үш боксшымыз үздіктер қатарында · Egemen Qazaqstan