Қылмыс
3 мин оқу 250

Есірткі тарату – ауыр қылмыс

<p style="text-align: justify;">Есірткі қылмыстары &ndash; тәуліктің 24 сағатында жіті қадағалап, күресуді талап ететін сала. Өйткені еліміз ауған есірткісінің солтүстікке ағылған транзиттік жолында жатқанымен қатар, дәрілік қоспалардан жасалатын психобелсенді заттардың жасырын саудасы да көбейіп тұр.</p>

Есірткі тарату –  ауыр қылмыс

Жуырда Павлодар облысында полицейлер «синте­ти­ка­ның» ірі партиясын тасы­мал­даған курьер­ді ұстады. Пав­­­­лодар қала­­сының аума­ғын­­да тыйым салын­ған зат­тар­дың­ заңсыз таралуы тура­лы же­дел ақпарат алған тәр­тіп сақ­шылары жедел-іздес­ті­ру іс-ша­ралар кешенін жүр­гі­зіп, нә­ти­­жесінде күдік­тіні анық­та­ды. Ол 28 жастағы жергілікті тұр­­ғын болып шық­ты. Жедел уә­­кіл­дер оны «қап­та­маны» жа­­­сы­рып жатқан кезінде қала ау­­дан­­дарының бірінде қолға тү­сірді.

Ол танымал мессенд­жер­дегі интернет-дүкеннің курьері екен. Күдіктіні тексеру барысын­да жедел уәкілдер одан тыйым­ салын­ған заттардың орна­ласқан жері туралы ақпа­раты бар ұялы телефонды тәр­кіледі. Соны­мен қатар поли­цей­­лер жал­пы салмағы 1,6 келі­­ден аса­тын синтетикалық пре­­парат­тары бар 18 конволюция мен 4 плас­тикалық контей­нер­­ді, құра­мында есірткі бар 189 таб­лет­ка­ны тапты. Қолға түс­кен есірт­кі 3 400 бірретік дозаны құрайды.

Осы факті бойынша ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, пси­хо­троптық заттарды, сол тек­тес­терді өткізу мақсатында заң­сыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу), 3-бөлігі бо­­йынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Кү­дікті Павлодар қаласы ПБ УҰИ-ға қа­мау­­ға алынды.

Полицейлер облыс тұрғын­да­­рына есірткі заттарын сату­мен айналысатын курьер бо­лып жұмыс істеу туралы ұсы­ныстардан бас тартуды қатаң түрде ескертеді. Есірткі саудагерлерінің курьерлерге уәде еткен анонимділігі мен жазасыздығы ойдан шы­ғарылған. Полиция қызмет­кер­лерінің заңсыз заттармен байланыссыз сауданы тоқтатуға, өткізу схемасының барлық қатысушысын анықтауға және бәрінің кінәсін айғақтайтын дәлелдемелерді жинауға жет­кі­­лікті мүмкіндіктері бар. Есірт­кінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін ең жоғары жаза ретінде өмір бо­йына бас бостандығынан айыру қарастырылғанын бүгінде көп адам біле бермейді.

Осы сынды тағы бір қыл­мыс Қостанай облысының Руд­ный қаласында тіркелді. По­ли­цейлер есірткі жасырып кетушіні ұстап, кү­діктіден ­29 грамнан аса мефе­дрон тәр­кіледі. Жедел-іздес­тіру іс-ша­ра­ларын жүргізу ке­зін­де қолға тү­­с­кен 39 жастағы жер­гілікті тұр­ғыннан 129 мефедрон қап­тамасы табылған.

Қостанай облысы ПД Есірт­кі қылмысына қарсы іс-қимыл бас­қармасы бастығының мін­детін атқарушы Аят Қартбаев­­­тың ай­туынша, күдікті әр жолы үй­ден есірткі салынған пакет­тер­ді аузына салып, алып шық­қан. Өзін ешкім бақылап тұрма­ға­нына көз жеткізгеннен кейін ғана тиіс­ті жерге жеткізіп отыр­­ған. Енді оған есірткіні аса ірі мөл­шер­де сақтағаны үшін мүл­кі тәр­кіленіп, он жылдан он бес жыл­ға дейінгі мерзімге бас бос­­тан­­ды­ғынан айыру қаупі төніп тұр.

Бір өкініштісі, есірткі заттарын жасырып кету қылмыс­та­рына балалардың да тартылу жағдайлары орын алып жүр. Мәселен, жыл басталғалы бері 19 бала есірткі таратқаны үшін ұсталған. Жастар есірткі тара­ту­дың және жарнамалаудың құ­қық­тық салдары туралы білсе де, олардың кейбірі есірткінің заң­сыз айналымынан бас тартар емес. Нашақорлыққа қарсы им­мунитет қалыптастыруда отбасы­ның айрықша рөлін ескере отырып, ІІМ ата-ана­лар­ға жазғы демалыс қарсаңында бала­лар өмі­ріне барынша кө­ңіл қою керектігін ескертеді.

«Өз балаларыңыздың ара­ла­сатын ортасын білу, олар пай­даланатын интернет-ре­сурс­­­тарды бақылау аса маңыз­­ды. Заттарының ішінен меди­ци­­на­лық препараттардың қо­ра­­бын, фольга немесе шыны тү­тік­­шелер байқасаңыз, елеусіз қал­дырмаңыз. Мұның бәрі син­тетикалық есірткі тұтынуға ар­нал­ған болуы әбден мүмкін. Са­бақтағы үлгерімінің нашарлауы, сабаққа бармауы және араласатын ортасының өзгеруі ата-ана назарынан тыс қалмауы керек. Агрессия, аяқ астынан көңіл күйінің өзгеруі, шаршаңқы күйге жиі түсуі де есірткі тұты­нып жүргенінің белгілері болуы ықтимал. Бала­ның бойы­нан үш немесе одан да көп осын­дай белгілер бай­қалса, тез арада шара қолдану қа­жет. Ақша жұмсауы жиілесе немесе қара­жаты көп болса, бұл да – алаңдауға тұрарлық мә­селе. Өйткені баланы есірткі тұ­тынуға ғана емес, оны та­ра­туға да тартуы мүмкін. Егер баланың телефоны мен мес­­сенд­жерлерінен геолокация көрсетілген суреттер, үй қабыр­ғалары мен бағандардағы штамп­тарды байқасаңыз, бұл да – күмән тудыратын жайт. Себебі онда есірткі жасырылған жер­лер көрсетілуі мүмкін. Нө­мір­лер және түрлі сайттың сіл­­т­е­мелері жазылған тізімге, изо­лентаға оралған заттарға да на­зар салғаныңыз абзал. Есірт­кі қылмыстары үшін жауап­кер­­ші­лік 16 жас­тан басталаты­нын есте­ріңізге саламыз», – дей­ді­ ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев. 

Бөлісу: