Оқиға
3 мин оқу 380

Сөз қадірін ұққан біледі

<p style="text-align: justify;">Сөз қадірі бөз қадірінен арзандап кеткен заманда арыдағы Алаш жұрты &laquo;оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес&raquo; деп кесімді сөзін келісті етіп айтқандығын жадымыздан шығармасақ керек-ті. Дарқан даланың даналығын бойына жинаған данышпан аталарымыз сөз өнерін ұлттық құндылық ретінде кейінгі ұрпағына мұра қылып қалдырған.</p>

Сөз қадірін ұққан біледі

Жер мен жесір дауын жалғыз ауыз сөзбен шешкен бұрынғылар әз жаның­ды жазылмастай жаралайтын құдіреттің ­сөз екендігін және сол жарадан емдеп ­алатын күштің де сөз екендігін жақсы біл­ген. Сондықтан да сөйлеу парқына, қай жерде нені айтып, нені айтпау керек­тігін де санамен салмақтаған. Осыдан аттай қырық жыл бұрын журналистика­ның жалына жармасқанда сөз өнерін еркін меңгерген алдыңғы буын ағалары­мыз қолымызға қалам ұстатып отырып, әр сөзіңе айрықша мән бер, астары­на бүккен мағына-мазмұн кімге, қалай әсер ететіндігін бағамда, тауып айт­қан бір сөзіңмен жанын жадыратасың, жаңылып айтқан бір сөзіңмен жа­нын жаралайсың деуші еді.

Облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне жазушы Жанайдар Мусин басшылық жасап тұрған кезде ре­дакцияда өтетін лездемелерде әр ма­қала бүге-шүгісіне дейін талданып, жазған сөзіміздің орынды, орынсызы қолмен қойғандай көрсетіліп, талданатын. Ол бір заман еді. Тіл ұстартқан ұста­хана «Мусиннің мектебі» деп аталатын. Бүгінгі күні біз осы ұстанымның үдесінен шыға алып жүрміз бе, әлде жоқ па? Мәселенің мәнісі дәл осы жерде жатқан тәрізді. Сөз ұстаған ел аға­сы­ның сөз саптауына қарап бағалай­тын едік қой. Көбік сөз түйдек-түйдек. Іші­нен кейде дәнін де таба алмай қала­сың. Еліне қорған, ұрпағына үлгі болған бұ­рын­ғының абыздарының сөзі тәлімді тәрбие, өрісті өнеге емес пе еді. Тұтас бір мектеп-тұғын. Міне, сол кезде сөз қадірі адамның өз қадірі болып есептелетін. Сөзін салмақтаған былайғы жұрт сөзі құнсыздың өзі құнсыз дер еді.

Бүгінгі таңда ақпараттар легі теңіз­дің ақбас толқынынша аласұрып-ақ тұр. Былайғы жұрт қай сөздің шын, қай сөз­дің жалған екенін бастан жақты айыр­ғандай етіп анықтай алмайтындай күйге түсті. Бұл сөзге деген жауапкершіліктің азайғандығын көрсететін шығар. Оның үстіне қуаты кеміген, сәулесі азайған.

Ілкі заманда көш бастаған көсем­дер, ел бастаған шешендер ұрпағын ас пен тойда аталы сөзімен тәрбиелеген. Бү­гін­­гі асқа, тойға барып көріңізші, асыра мақ­тау. Өзгені емес, өзін. Тыңдаған тәмам жұрттың түгелге жуығы ретсіз, жөн­­сіз сөзге күліп отырады. Қайран да қай­­ран сөз­дің қадірі кеткендігі сол емес пе? Сөз­ді тегін дүние көріп, әйтеуір сөйле­ген­­нің жөні осы екен деп қызыл қуырдақ қуы­ра берсе, талғам азайып, қадір кемімек.

Сөз – тәрбие құралы. Ата мен әже­нің әй дегенін ұғатын бала болса, кәне­ки. Қоғамдағы кейбір келеңсіз көрініс­ке куә болған кезде жетпей жатқан олқы­лық осы маңда деп ойлайтыным бар. Әріден ойлаған арыдағы атамыз «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегенді неге айтты дейсіз. Қазақ қоғамы үшін күрделі мәсе­леге айналған ұрпақ тәрбиесінде немере­нің басынан сипап отырып жетесіне хал­қымызбен бірге жасасып келе жат­қан ұлттық құндылықтарды сіңіретін ұла­ғат­ты аға буынның, ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әженің мейірім тұнған жүзін аңсайтыным бар кей-кейде.

Құнарсыз сөз көбейіп кетті деп ішімізден қан жылап отырып, өзіміз де ділмарсығанымыз жараспас. Сөз қадірі туралы әңгіменің түйінін осы жерден қайырғанымыз жөн. 

Бөлісу: