Ташкенттің елордаға тартуы
<p style="text-align: justify;">Елорда жұртының өзбек өнері мен мәдениетіне қанығып жат­қанына бірнеше күн болды. Ұлттық музейдегі сурет көр­ме­сінен басталған мәдени іс-ша­ра­­лар тізбегі өзбек киносының күн­деріне жалғасып, Орталық сая­бақта өткен Ташкенттің Астана қаласындағы мәдениет күн­деріне ұласты. Айта кетейік, атал­ған іс-шара Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Президенті Шав­кат Мирзиёевтің елімізге мем­ле­кеттік сапарына орайлас­тырылған.</p>

Күні кеше амфитеатр сахнасында Ташкенттің танымал өнерпаздарының қатысуымен жанды дауыстағы концерттік бағдарламалар, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, спорттық жарыстар мен ойындар ұйымдастырылды. Өзбек халқының сан қырлы салт-дәстүрі мен астанасының туристік әлеуеті таныстырылды.
«Өзбекстан мен Қазақстанның тығыз әріптестігі, достығы аясында Астанада қала тұрғындары мен қонақтарына арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл – достығымыз бен әріптестігіміздің жарқын мысалы. Біз елдеріміздің мәдениеті мен дәстүрінің байлығын көрсете отырып, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтуға ұмтыламыз», деді Ташкент әкімінің баспасөз хатшысы Гульноза Қасымова.
Сондай-ақ ол Ташкенттің Астана қаласындағы мәдениет күндері аясында бірнеше бизнес-форум ұйымдастырылатынын атап өтті. Келушілер самса, палау мен өзбектің дәстүрлі тағамы – халемнен дәм тата алады.

«Екі ел президенттерінің бастамасымен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас одан әрі нығая түсті. Қазіргі іс-шара – соның бір көрінісі», дейді Ташкент қалалық туризм басқармасының бас маманы Шохрух Носиров.
Астананың амфитеатрында Өзбекстанның белгілі әртістері, атап айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстанның халық әртісі Фаррух Закиров, опера әншісі, Өзбекстанның халық әртісі Жеңісбек Пиязов, «Бахор» ұлттық би ансамблі, басқа да эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары дәстүрлі өзбек тағамдарының дәмін татты. Ташкенттің ең танымал тағамы – той палауына қызығушылық танытқандар көп болды. Одан бөлек, астаналықтар нарын, кәуап, самса секілді көршінің ұлттық тағамдарының жасалу әдісін сұрап, ауыз тиді.
