Астанадағы апатты мектеп бұзылады
<p style="text-align: justify;">Астанадағы №25 орта мектеп апатты деп танылды. «ТехЭксперт-Т» ЖШС аккредиттелген ұйымы өткізген 2024 жылғы 20 шілдедегі техникалық қорытындыға сәйкес, нысан техникалық және санитарлық талаптарға сай болмай шықты, деп жазады <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Тексеру нәтижесінде ғимараттың физикалық тозуы 54,4 пайыз болып бағаланды.

Астана қаласы Білім басқармасы осы мектептің оқушылары жаңа оқу жылында жақын маңдағы Қарасай батыр көшесі, 10 мекенжайында орналасқан № 36 мектепте оқитынын хабарлады. Бұл мектеп 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген. Мектеп екі ауысымда 2400 оқушыға арналған.
«№ 36 мектеп әкімшілігімен сыныптарды орналастыру, оқу кабинеттерін бөлу бойынша барлық ұйымдастыру мәселелері шешілді, балаларды қабылдау кезінде мектеп ғимаратына кіру және оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру мәселесі анықталды», делінген әкімдік хабарламасында.
Ал №25 орта мектептің аумағында оқу процесін ұйымдастырудың барлық заманауи талаптары ескерілетін жаңа мектеп салынады. Бүгінгі таңда жаңа мектепті жобалау және жобаны жергілікті жерге байланыстыру жұмыстары басталған.
