Туризм
2 мин оқу 170

Екі апта ішінде елімізге жарты миллионнан астам турист келген

<p style="text-align: justify;">Қыркүйек айында өткен іс-шаралардың нәтижесінде елімізге келген шетелдік туристер саны 597 мыңға жеткен. Оның 68 мыңы елімізге Астана және Алматы халықаралық әуежайлары арқылы, қалғандары авто және темір жол көлігімен келген, деп хабарлайды&nbsp;<a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>&nbsp;ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Екі апта ішінде елімізге жарты миллионнан астам турист келген

Ведомствоның хабарлауынша, шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпелілер ойындары мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Аталмыш іс-шараларға 89 мемлекеттің азаматтары келген.

«Шетелдік қонақтар негізінен Қытай, Ресей, Үндістан және Германия сынды мемлекеттерден келген. Мысалы, Қытайдан 8 мыңнан астам, Үндістаннан 6 мыңнан астам, Германиядан 4 мыңнан астам саяхатшының Қазақстанға келуі тіркелген. Әлбетте, бұл деректер Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді», деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Вице-министрдің айтуынша, туристердің едәуір бөлігі Германия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген.
 
EQonaq жүйесі Астанада 12,4 мыңға жуық шетелдікті тіркеген. Олардың тұруға, көлікке, тамақтануға және ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығындары 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1 500 доллардың шамасында болған. Демек, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың АҚШ долларын қосқан.
 
Айта кетерлігі, елорданың танымал туристік нысандарына 7-13 қыркүйек аралығында келушілер саны артқан. Қазақстанның Ұлттық музейі 14 мыңнан астам адамды қабылдап, «Астана-Бәйтерек» монументіне 15 мыңға жуық турист, ал «Нұр-Әлем» павильонына 10 мыңға жуық адам барған.

Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі мәдени-спорттық Дүниежүзілік көшпелілер ойындары Қазақстанның туристік имиджін нығайту үшін елеулі үлес қосқан. Көшпелілер ойындарының ұйымдастыру комитеті мәлімдегендей, этноауылдар мен ойындарды көруге 250 мыңнан астам адам келген.
Бөлісу: