Өзбекстанда экс-шенеуніктің өміріне қастандық жасаған күдікті ұсталды
<p style="text-align: justify;">Өзбекстанда президент әкімшілігінің ақпараттық саясат бөлімінің бұрынғы басшысы Комил Алламжоновтың өміріне қастандық жасады деген күдіктілердің бірі ұсталды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Өзбекстан Бас прокуратурасының мәліметінше, 26 қазанға қараған түні Қибрай ауданындағы Ифор көшесінде Алламжоновтың Range Rover көлігіне екі адам бірнеше рет оқ атқан. Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген, Қылмыстық кодекстің 97-бабы (Қасақана кісі өлтіруге оқталу) және 248-бабы (Заңсыз қару айналымы) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Жедел іздестіру іс-шаралары аясында осы қылмысты жасағандардың бірі анықталып, күдікті ретінде ұсталды», делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін БАҚ шабуылдың 26 қазан күні сағат түнгі 1:30 шамасында Қибрай ауданындағы Комил Алламжоновтың үйінің жанында болғанын хабарлаған болатын. Белгісіз екі адам ол отырған көлікке бірнеше рет оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған. Алламжонов жарақат алған жоқ.
