Мәдениет
2 мин оқу 131

Алдаркөсе Алманияға барғанда...

<p style="text-align: justify;">Берлинде ұлттық фольклордың танымал образдары жергілікті жұртқа көрсетілді. Мәдени іс-шараны Германия Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Түрікменстан, Түркия мен Өзбекстан елшіліктері ұйымдастырды. Жиында әр ұлт өз мәдениетіндегі ұқсас кейіпкерлерді түрлі қойылымдар мен көрмелер арқылы көрсетті.</p>

Алдаркөсе Алманияға барғанда...

Атап айтсақ, Алдаркөсе Шық­бермес Шығайбаймен не­місше сөйлесіп, айласын асырып тұр. Тапқыр Алдардың өзі де, салған әні де, неміс ба­лаларына таңсық дүние еке­ні анық. Гензель мен Гре­тельді, Қызыл телпек пен Ра­пунцельді жаттап өскен балақайлар Ал­даркөсенің әр амалына ерек­ше назар аударды. Қа­зақ мәдениетімен енді танысып жатқан ересек­тер де іс-шараның маңыз­дылығына баса мән бе­ріп, елімізге саяхаттап келуге қызығушылығының артқанын айтты.

«Осындай мәдени іс-шара­лардың біз үшін маңызы зор. Біз Целендорф ауданы болып бас қосып, өзге мәдениеттердің озық туындыларына куә болып отырмыз. Мұндай іс-шаралар ой бостандығына жетелейді. Күнделікті күй­бең тіршіліктен бір сәт демалып, жаңа идеяларға қол жеткізуге болады. Осы уа­қыт­қа дейін Қазақстанда болып көрмеп едім, енді ал­дағы уақытта саяхаттап барсам ба деген ой келіп тұр», дей­ді Штеглиц-целендорф ауданының бургомистрі Ма­рен Шелленберг.

«Бұл жиынның ұйымдас­тырылуына қатысушы елдер мен Германияның Сыртқы істер министрлігі өкілдері зор үлесін қосты. Өте салмақты деңгейде өтіп жатыр. Мен Ислам мәдениеті мен Орталық Азияны зерттейтін маман ре­тінде осындай, балалар тәрбиесінде қолданылатын Қо­­жанасыр мен Алдаркөсе образ­дары ерекше қызық мы­сал­дар деп бағалар едім. Біз үшін бұл образдарды Гер­мания балаларына жақын ете түсу зор жетістік. Себебі әр оқи­ғаның өзіндік тәрбиелік мәні, айтар ақылы бар», дейді Cultur Cooperation ұйымының өкілі Катлин Гёбель.

Аталған жиын барысында қойы­лымдардан бөлек кө­рерменге неміс субтитрімен Ш.Аймановтың «Алдаркө­се» фильмі мен «Алдаркөсе» анимациялық серияларынан үзінді көрсетілді. Ұлт­тық музыкалық аспаптардан ән мен күй төгілді. Көршілес елдермен қатар қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылып, қазақы дастарқан жайылды.

Сондай-ақ Алдаркөседен бөлек Орталық Азия мен Же­рорта теңізі – Балқан ай­мағы халықтарының ертегі кейіп­керлері де сахнаға шық­ты.

Бөлісу:
Алдаркөсе Алманияға барғанда... · Egemen Qazaqstan