«Егеменнің» мерейтойлары

<p style="text-align: justify;">Сүйікті &laquo;Егеменімнің&raquo; 105 жылдық белесі қарсаңында күнделіктерімді парақтап көргенімде, біраз жайтқа қайыра қаныққандай болдым. Сол жазбаларымның қысқартылған нұсқасын оқырмандарыммен бөлісіп отырмын.</p>

«Егеменнің» мерейтойлары

«Егемен Қазақстанға» – 75 жыл!

19.12.1994 Редакциядамыз... Үш қабатты сапырып жүрміз. Ай­налайын асылдар қызмет істеген қымбат қабырға, жүрекке ыстық бәрі де.

Шапшаң түрде мәжіліс болды. Бас редактор Нұрлан Ораза­лин қысқа мәлім­деді. Бүгін 16.00 сағатта Абай атындағы опера және балет театрында «Еге­мен Қа­зақстанның» 75 жылдық тойы салтанатты түрде ашылатынын мә­лім етті. Қарағандыдан, Жез­қаз­ғаннан келген өкілдер ре­дак­торға сый-сияпаттарын тап­сырды... Біздің облыстағы шенеу­ніктердің тарлығын ойлаймын ішім­нен. Сағат 16.00-де опера және балет театрының қасиетті та­бал­дырығынан аттадық. Той мі­незі әркімнің көзінен, сөйлеген сөзінен байқалады. Бәрінің аузын­да – «Егемен Қазақстан». Соны дәріптейді, соны емешегі үзіліп айтады, тамсанғанда таңдайы тықыл­дайды. Біз 5-қатарға жайғастық.

Салтанатты кеш сағат 16-дан 15 ми­нут кеткенде басталды. Мем­­­лекетіміздің Әнұраны шыр­­қалды. Сахна төріндегі «Еге­мен Қазақстан-75» деген жазу қы­зылмен аса айшықталып жазыл­ған екен, көңілге түрлі ой салып, се­зім қылын тербейді... Е, Алла, кеше­гі Міржақып Дула­тов сынды алып­тар уығын шаныш­қан қара шаңырақтың тойында отыр­ғаныма, шүкір деп іштей табынамын құдіреті күшті Жаратушыға.

Сахна төрінде отырғандарға ынты­ға қарап, жыға тануға тал­пы­намын. Олар – бір шоғыр, қазақ әдебиеті мен мә­дениетіне өлшеусіз үлес қос­қан кәдуілгі алып­тар... Премьер-ми­нистр­дің орынбасары А.Есімов, бұ­рын­ғы бас редакторлар С.Байжанов пен Б.Қыдырбекұлы, Ш.Мұртаза мен Жоғарғы Кеңес төрағасы, бұрынғы редактор Ә.Кекілбаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Қ.Найманбаев, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының бірінші хатшысы К.Смайы­лов, Ш.Елеукенов, т.б.

Жиналысты «ЕҚ» бас редакторы Нұрлан Оразалин ашты. Ол Қазақстан Президенті Н.Назар­баевтың газет тойына құттықтауын оқып берді. Жоғарғы Кеңестің депутаты У.Қалижанов осы өкілетті органның арнайы құттықтауын оқыды.

Жұрт алдында Н.Оразалин «ЕҚ»-ның құрметті тілшісі куәлі­гін тапсыра бастады. Ә.Кекілбаев, одан әрі Байжановқа, Қыдыр­бекұлына, Мұртазаға табыстал­ды. Бекбосынов Қажыбек мәртебелі куәлік иелерін әнмен құттықтады. Содан соң барып Оразалин баяндама жасады. Бір кезде сахнаның қос қапталынан айырыла жүзген­дей өңшең аққулар – қыздар қолда­рына үлбірете ұстаған шапандарын тоғызыншы қатарда самсап отырған 30 ардагердің үстіне жапты. Төрт-бес ардагер басқа қатарда отырып қалса керек, оларға сол сәтінде шапан тимей қалып, абыр-сабыр көбейіңкіре­ді де, кейін Ержұман әрқайсысы­на кәделерін атап-атап үлестіріп жатты.

Баспасөз министрі А.Сәрсен­баев сөз сөйлеп «ЕҚ»-ның жазылымы 83 248 данаға жеткенін айтты. Нарық қысқан қиын кезде бұл тамаша көрсеткіш еді. Бек­бо­лат Тілеуханов Доспамбет жы­рау­дың төкпесін орындады.

Алматы қаласы әкімінің бі­рінші орынбасары Ш.Омаров сөз сөйлеп, «ЕҚ»-ға 12 пәтер бөлінетінін хабардар етті. Мұның екеуінің кілті тапсырылып та қойыпты.

Алматы облысының әкімі О.Өзбе­ков «Волга» кілтін бас редак­торға табыс етті. Талдықорған­дықтар атынан (С.Ақынбеков) га­зет­тің тәрбиелік маңызы айты­лып түйе, кілем сыйланды. Оң­­түс­­тік­қазақстандықтардың сыйы – (З.Тұрысбеков) газеттің биыл 20 мың данамен тарауы, яғни респуб­ликалық деңгейдің төрттен бірі. Жез­қазғаннан тойға облыс әкімі­нің орынбасары келіп құттықтау айтты, облыстағы мен­шік­ті тілшіге факс, арнаулы жұ­мыс бөлмесі беріліпті.

Қырғызстан республикалық «Қырғыз туы» газетінің (бұл газет осының алдында 70-ке толған) бас редакторы «ЕҚ»-ны біздің елде таңшолпанға бағалайды деді. Манас бейнесі бейнеленген шағын кілемше сыйлады ол. Өзбекстан өкілі сөйледі. Ол ештеңе бермей өзі шапан-бөрік киіп жатқанда, зал іші бір әзілдің түндігін желпіл­детіп дуылдата қол соқты. Қазақ­стан Жазушылар одағы басқар­масының бірінші хатшысы Қалдар­бек Найманбаев әл-Фараби суреті бар кілемше, домбыра сыйлады. Қа­зақстан Республикасы Журна­листер одағының бірінші хатшысы Камал Смайылов газет тарихында Әбу Сәрсенбаев пен Әбділдә Тәжібаевтің, Әбдуәли Қарағұлов пен Хамит Ерғалиевтің және басқа­лар­дың ерекше қолтаңбалары бар екеніне назар аударды.

Залдан сөз сұрап, бұйра шаш­ты Әбу Сәрсенбаев ілби көтері­ліп келе жатты. Нұрланмен құ­шақтасып, сәлемдесті де мінберге шықты. – Тоқсанымды көтеріп келіп тұрмын бұл тойға, – деді сәл демін басып, асыл сүйекті Әбекең. – Отызыншы жылдар­дың сарқыты едім, бас көрсе­тейін деп жеттім мұнда. Бас редакторлар алғашында мақаламды шимайлап тастап, оларды қай­та көшіріп әуре болатынмын. Майданнан да байланысып тұр­дым. Әдебиетке таныстырған мені осы газет еді.. Өлеңдерімді жіберіп, жариялаттым. Сонда Ға­биттің «Майданнан соққан жаңа леп» деген мақаласына ілік­кенім бар. Кезінде Қасымның «Аб­долласын» да осы газеттен оқы­дық. Рақмет, саған тәрбиең үшін киелі шаңырағым.

Бұдан соң «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Г.Дильдяев, «Халық кеңесі­нің» бас редакторы Ж.Кен­жалин, «Сұхбаттың» бас редакто­ры С.Шүкіров, «Қазақ әдебие­ті» газетінің бас редакторы А.Жақ­сыбаев, «Парасат» журналының бас редакторы С.Елубаев, Б.Нұр­жекеев, т.б. сөйледі. Газет редак­торының орынбасары Мыңбай Ілес тұс-тұстан келген құттықтау-жеделхат­тардың мазмұнымен таныстырды.

Б.Қыдырбекұлы Құрметті тілші куәлігін алуына байланысты рақметін айтып, қысқаша лебіз білдірді. Б.Төле­генова «Қалам ұшынан қуанышты мақалалар шыға берсін» деп, ыстық тілегін қосып, екі ән шырқап берді. ...Сал­танатты кеш сағат 19.10-да аяқ­талды. Үш сағатқа созылыпты.

20.12.1994 Бас редактор бә­ріміздің басымызды қо­сып, түс­тен кейін сағат 15.00-де Н.На­­зарбаев өзінің Ақор­да­сын­­да қабылдайтынын айтты. Со­­нымен, жауапты қабыл­дау­ға ба­ра­тындардың – редакция бас­шыларымен қатар, бөлім меңгеру­шілері мен меншікті тіл­шілердің тізімі оқылды. Ақордадан бір-ақ шықтық. Онда біраз тексеру мен бақылаудан, кәдімгідей тінткілеуден өтіп үлкен залға келіп жайғастық. Содан сағат 15.30-17.35 аралығында Елбасымен сұхбат құрдық, ол кісінің ақыл-кеңесін тыңдадық. Арагідік нарық­ты ылғи да қара бояумен жазасың­дар деп өзімсініп ұрсып та алады ол кісі. Соңынан Елбасымен әлде­не­ше рет суретке түстік... Сонда баяғы шәкіртім Жүнісбек Сұлтан­мұратовты, торғайлық жазушы Төлен Әбдіковті көріп, сәлемдестім.

Қабылдаудан соң редакцияға орал­дық. Оразалин қорытынды сөз сөй­леп, қысқа қайырды да бізге – меншікті тілшілерге сәл-пәл жауапкершілік керектігін ескертті. ...Қазақ баспа­сөзі қара­шаңырағының бедел-абыройы үшін ұйқы-күлкіні қойып еңбек ету керек қой.

...Кешкілік, сағат 17.30-да Жам­был облысында тілшілік қыз­метке кіріскен Көсемәлі Сәтті­бай­ұлының бөлмесінде оны тіл­шілікке қабылдадық. Тілшілер қауымдастығының президенті, тал­дықорғандық Сейдахмет Мұха­мет­шин бастаған әріптестер оған біраз ақыл-кеңес берді.

Әзағаң – тоқсан жылдықта

22-24.12.2009 «Егемен Қа­зақстан» газетінің шыға баста­ға­нына – 90 жыл толуына арнал­ған салтанатты іс-шараға Ал­маты­дан арнайы келіп Әзілхан Нұр­шайықов та қатысты. 87 жаста­ғы қарт жазушы, тып-тың, елгезек, жылы жымиыспен маңайын нұр­ландырып жүр. Жол бастаушы етіп, қасына мені бөліп қойған еді. Екеуміз егіздей қосарланып, бір елі ажырамаймыз. 23 желтоқсанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Еге­мен Қазақстан» газетінің редакция­сында болатыны күні бұрын белгілі еді. Ол кісіні қарсы алу мезетінде сөз сөйлеу Әзағаңа жүктелген-тін. «Данияр» қонақүйінде алдын ала жазып қойған сол сөзін пысық­тап оқудан жалықпайды. Маған тыңдатады. «Не дейсің?» дегендей, басын көтеріп, иегін қағады. «Жақсы екен!» деймін ізетпен.

Бәрі ойдағыдай бола бере ме? Елбасы «Егеменге» түске шекті келді де, редакция бөлмелері­нің кейбіріне жедел кіріп шы­ғып, кіреберіс холлда сәл аялдап, ұжым­­­­дық суретке түсіп суыт аттанып кет­ті де Әзағаң сөз сөйлей алмай қал­­ды. Бірақ бұл өкініштің есесі сол кү­ні кеште К.Байсейітова атындағы опе­ра және балет театрында өткен сал­­танатты жиында қайтарылған еді.

Сахнада Ә.Нұршайықов дайын сөзін саңқылдап оқып тұр. Жүрек­ке жеткен әндей бойды шымырла­тады. Саф ауадай тыныс ашады. «...Енді «Егемен Қазақстанға» келейін. Қазақ баспасөзінің алтын шаңырақты ақ ордасы – «Егемен Қазақстан». Көрнекті қазақ жазушылары мен журналистерінің ұшқан ұясы, ұшар ұясы – «Егемен Қазақстан». Қазақ халқы рухының Алатаудай биік асқары, Есіл мен Ер­тістей сарқылмас нәрі – «Еге­мен Қазақстан». Қазақ халқы­ның рухани мәңгілік азығы, қазақ­стандықтар­дың бірлігі мен ынты­мағының мызғы­мас қазығы – «Егемен Қазақстан». – Осылайша, арынан баса алмаған тұлпардай тарпынған ол әңгімесінің әдемі де дәмді жеріне келді: «Ұлттық дәстүріміз бойынша той болған жерде шашу шашылады. Мен өз газетіміздің 90 жылдығына 90 кітап әкелейін деп едім, көтере алмадым. Алты бума – 60 кітап әкелдім мықшыңдап. Енді айта­йын дегенім: тойға жиналған барша қауымды аман-сау болып, «Егемен Қазақстанның» 100 жылдық тойын бірге тойлауға шақырамын».

...Сөйткен Әзағаң, жұртты 100 жылдық тойға шақырып, өзі осы сөзінен 1 жыл екі ай өткен­де, мәңгілік өміріне аттанып кете барған еді. ...Әзағаңмен бірге өт­кізген 3 күн есте берік бедерленіп қалыпты. Кеңкілдеп күліп, керекті ғана әңгіме айтатын асыл аға еді-ау!

– Сыртта 30 градус аяз, Әзаға, Астананы аралағыңыз келіп тұр-ау! – дедім сыр тартып.

– Өзің қасымда барда, маған жылы секілді! – дейді жан ағам. – Қа­дір­лі жерлерін көріп қалайын да...

Мұндайда тұрыс бар ма!.

Тоқсан бестегі тарихнама

20-21.12.2014 Той Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық мұра­жайында өтті. Салтанатты рәсім­ді мәжіліс залында газет басшысы Сауыт­бек Абдрахманов жүргізіп отыр­ды. ҚР Мемлекеттік хатшы­сы Г.Әбдіхалықова кіріспе сөзінде газет тарихын тереңнен қозғап, бүгінгі табыстарын, ертеңгі мін­деттерін баяндады. Газет тиражы 203 394 данаға жетті! Бұл – бұ­рын-соңды болмаған көрсеткіш! Ме­рейтойға арналып буклет шыға­­рылыпты. Қазақстан Республикасының Президенті сыйлы­ғының лауреат­тары төртеу екенбіз: Ержұман Смайыл, Еркін Қыдыр, Сауытбек Абдрах­манов және мен. Үшеуі де газет басшылары. Журналшы­лар қуанышында шек жоқ. Әр облыстан делегациялар келді. Құрамында – меншікті тілші, облыс әкімдігінің өкілі, т.б. айтулы ақын-жазушылар. Өзіндік сый-сияпаттарын жасады.

...Иә, «Егеменмен» 2015 жыл­дың алғашқы күндерінен бастап қоштаса­тын сыңайлымыз (қыз­мет­тік штатты тыямыз). Тәубе, зейнет­керлік 63 жастан соң да редакцияда 5 жыл еңбек етіппіз... Және де санау­лы күндерден соң болар қоштасар сәттің қимастық сезімі, газет басшысы Сауытбек Абдрахмановтың кеудеме «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының белгісін ұжым алдында қадап жатқанда тіптен шиыршық атып, аузыма мына бір шумақ жолдарын салып-ақ жіберген еді:

«Қиыннан қиыстырып амалменен,

Тағдырдың тауқыметі – қамал деген.

Мінекей, ұжымымды қимай тұрмын,

«Егеменнің» кірпіші боп қалар денем!»

...«Егемен Қазақстан» 100-ге жетсін! Алла куәгері болуға жазсын, сол тойдың!

Жүз жылдық жылнама

21.11.2019 «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығы «ҚазМедиа» орта­лығында салтанатты жағдайда атап өтілді. Мемлекет басшысы мен тұң­ғыш президенттің құттықтауларын мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев оқыды. Сенат және Мәжіліс спикерлерінің лебіздері (Н.Жүсіп, Қ.Сұлтанов оқыды) жеткізілді. Газет басшысы Дархан Қыдырәлі баршасына шын жүректен алғыс айтты.

Газеттің бастауында тұрған тұлға­лардың монологін театр әр­тістері оқыды. А.Сейдімбектің «Сарыарқа» әні орындалды. «Үш арыс» әнін (С.Сейфуллинге, І.Жан­сүгіровке, Б.Майлинге арналған) Қ.Жүнісов шырқады. Ең қысқа әң­гімеге жарияланған байқаудың жүл­дегері болып Жандос Жүсіп­бек (об­лыстық «Қостанай таңы» газе­­тінің тілшісі) танылды. «Еге­мен Қа­зақстанның» әнұраны шыр­қалғанда (Е.Әбдіхалықова) сахнада жас журналистер бәйшешек­ше құл­пы­рып, көз жауын алды. Мере­кеге орай ұйымдастырылған көрме де маз­мұнды әрі көзтартар­лықтай болды.

Той дастарқаны «Grand Hall Astana» мейрамханасында жайылды. Мирас Асан мен Рауан Қайдар тамаша жүргізді. Әр облысқа жыр-шумақтары арналып, өкілдері сөйлеп, тарту-таралғыларын таратты. Шығыстың пантакрин өнімдері бізге де бұйырды.

Сөз кезегі тигенде «Еңбек­ші қазақ» газеті жаңа астана Алматыға ауысатын күннің тү­нінде (29.12.1928) тұтқындалған М.Дулатұлының (газет редакто­рының стилистика жөніндегі көмекшісі) арман-мақсатына қатысты толғадым. «Оян, қазақ!»-та күңірене термеленген жер, дін, тіл, діл мәселелері шешімін тап­қа­нын енді осы «Егемен» қа­шан сүйіншілерін аңсау ретінде тілегіме қостым.

22.11.2019 Редакцияда «Еге­мен» ардагерлерінің қатысуымен шағын жиналыс өткізіліп, шай үстінде әңгіме өрбітілді. С.Ақтаев (таяғына сүйеніп, 85-те) М.Жақып (қос балдақпен, 81-де) тағылымға толы естелік тарауларын ширатты.

* * *

Газеттің кешегі санында жа­рия­ланған ардагер Қ.Аман­жол­дың «Жүз жыл» поэма-тол­ғанысы сөз арасына сынала­нып, әдеби үздік туын­ды ретінде бағаланды. Оқып едім, оңқайынан тұрған оңды шығарма екен. Өзіне риза­шылығымды айт­тым. Поэ­ма­ның соңғы шума­ғы­на тамсандым: «Өзіңсің кеме­лім де көрегенім, Қаныма қағи­даң­ды шегеледің. Мені­мен қошта­суға қақылысың, Се­німен қоштас­паймын, «Еге­менім»! Қорғанбек «Жүз жыл»-ды поэма-толғаныс деп жанрын айқындапты. «Поэма» деп қана аңғартқанда...

Қайсар ӘЛІМ,

Президент сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты 

Бөлісу:
«Егеменнің» мерейтойлары · Egemen Qazaqstan