Көрме
2 мин оқу 75

Тарих тағылымы

<p style="text-align: justify;">Ұлттық академиялық кітапханада &laquo;Тарих&shy;тан тағылым&raquo; атты иллюс&shy;тра&shy;тивті кітап көрмесі өз жұмысын бастады. Жыл басында дәстүрге айналған көрмеге биыл еліміз бойынша және ЮНЕСКО көлемінде мерейтойлары аталып өтетін тарихи тұлғалар мен ақын-жазушылардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің архив шежірелері, құжаттары, фотолары, еңбектері мен кітаптары қойылды.</p>

Тарих тағылымы

Аталған көрме өскелең ұрпаққа қазақтан шыққан белгілі тұлғаларды, олардың тағылымды жолын, туындыларын танытуды, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды, кітапхананың имиджін көтеруді мақсат етеді.

Биыл елімізде бірқатар айтулы іс-шара жоспарланып отыр. Осыны негізге алған көрме бес бөлімнен тұрады. «Қазақ хандығына 560 жыл» деп аталатын бірінші бөлімде тақырыптас 100-ден астам кітап пен мерзімді басылым материалдары ұсынылған.

Ал жеңістің 80 жылдығына арналған екінші бөлімде әскери тақырыпқа қатысты кітаптардан бөлек, сұ­рапыл соғыстан сыр шертетін құжаттар беріліп отыр.

«Қазақстан Республикасының Конститу­циясына 30 жыл» атты үшінші және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» атты төртінші бөлімдерде соңғы жылдары жарияланған баспа өнімдері, тың деректі материалдар қамтылған. Ал «Тұғыры биік тұлға­лар» бөлімі жақсы-жайсаңдарымыздың («Әбу Насыр әл-Фараби – 1155 жыл», «Шоқан Уәлиханов – 190 жыл», «Абай Құнанбайұлы –180 жыл», «Міржақып Дулатұлы – 140 жыл», «Сапарғали Бегалин – 130 жыл», «Сәбит Мұқанов – 125 жыл», «Қанабек Байсейітов – 120 жыл», «Ілияс Есенберлин – 110 жыл», «Ермұқан Бекмаханов – 110 жыл», «Жұмабек Тәшенов – 110 жыл», «Жұбан Молдағалиев – 105 жыл», «Тұ­манбай Молдағалиев – 90 жыл», «Қадыр Мыр­залиев – 90 жыл», «Жұмекен Нәжімеденов – 90 жыл», «Карл Байпақов – 85 жыл») мерейтойына арналған.

Көрмеге мерейтой иелерінің өмірі мен шығар­машылығы жайында жазылған 500-ден аса кітап, естелік, фотосурет, нақылсөз бен дәйексөз қойылды.

Айта кетейік, көрме кітапхана оқырманына тұрақты түрде жыл бойы ұсынылады. 

Бөлісу:
Тарих тағылымы · Egemen Qazaqstan