Сұхбат
4 мин оқу 150

Әсел Әбен: «Жасыл экономика» табиғатпен үйлесімдікте жүзеге асады

<p style="text-align: justify;">Мемлекет басшысы таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналғанын атап айтты. Президенттің сөзінше, бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін. &laquo;Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда &laquo;жасыл энергетиканы&raquo; дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады&raquo;, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда Президент жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбенмен әңгімелесудің орайы келді.</p>

Әсел Әбен: «Жасыл экономика» табиғатпен үйлесімдікте жүзеге асады

– «Жасыл экономиканың» әлеуеті қай деңгейде?

– «Жасыл экономика» – табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтатын, әлеуметтік әл-ауқатты жақсартатын және экологиялық тепе-теңдікті сақтауды мақсат ететін экономиканың моделі. Ол әртүрлі экологиялық таза технологияларды қамтиды. Олардың ішінде энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері, ауыл және құрылыс сала­ла­рындағы инновацияға қатысты тех­нологиялар бар. «Жасыл экономи­ка» осы технологияларды енгізу арқы­лы экологиялық тұрақтылыққа, эко­­­но­микалық дамуға қол жеткізуді көз­дейді.

– Елдегі «жасыл энергетика» үлесін қалай бағалайсыз?

– Жүргізілген заңнамалық рефор­малар нәтижесінде бізде жаңар­тылатын энергетиканың дамуы едәуір жеделдеді. Бүгінде жаңғыр­ма­лы энергия көздері (ЖЭК) өндірген электр энергиясы үлесінің тұрақты өсуі байқалады. Ірі су электр стансаларды есепке алмағанда, электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі 2023 жылы 5,82%-ды құрады. Өндірілген энергия көлемі – 6,6 млрд кВт/сағ. Айта кетейік, 2014 жылдан бастап ЖЭК белгіленген қуаты 16 еседен астам – 178 МВт-тан және 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2 868 МВт-қа дейін өсті. 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясын өндіру құрылымындағы ЖЭК үлесін 15%-ға дейін, ал 2050 жылға қарай басқа баламалы энергия көздерін ескере отырып, 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланған.

– Тиімді бастамалар мемлекет тарапынан тиісті деңгейдегі қолдауға ие болып жатыр ма?

– Елімізде бұл бағытта заң­на­ма­лық, қаржылық, техноло­гиялық және ақпараттық шаралар жүзеге асырылып жатыр. 2013 жылы қабылданған «Жасыл экономикаға» көшу тұжы­рым­­дамасы – елдегі негізгі страте­гиялық құжат. Ол табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, экологиялық технологияларды енгізуге және жа­ңартылатын энергияны дамытуға бағытталған.

Қаржылық қолдау субсидия, салық жеңілдіктері және «жасыл» обли­­­гация­лар арқылы жүзеге асы­­рылады. Мемлекет жаңарты­ла­­тын энергия көздерін дамыту үшін жеңілдетілген тарифтер бел­гі­леп, шағын және орта бизнес­тің экологиялық жобаларын қолдау үшін арнайы қорлар мен гранттар ұсынады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарына, ин­новациялық жобаларға және «жасыл технологияларды» дамытуға мемлекеттік қаржы бөлінеді. Жаңар­тылатын энергия көздерін дамы­ту мақсатында мемлекет 2030 жылға қарай энергияның 30%-ын жаңар­­­ты­латын көздерден алу міндетін қойып отыр.

– Жаһандық жылыну мәселесі дүниежүзін алаңдатып отыр. Осы тұрғыда «жасыл экономика» әлгі түйткілдің «жыртығын» жамай ала ма?

– «Жасыл экономика» технологиялары жаһандық жылынумен күресте шешуші рөл атқарады. Олар парниктік газдар эмиссиясын азай­туға, экожүйелерді қалпына келтіруге және табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда бұл технологияларды тиім­ді пайдалану үшін жаһандық деңгейде саясатты үйлестіру, қаржылық қолдау және ғылыми инновацияларды қолжетімді ету қажет. Мысалы, экономиканың барлық негізгі секторында энергия сыйымдылығын төмендету және энергияны пайдалану тиімділігін арттыру арқылы еліміздің тұ­рақты дамуына қол жеткізу ма­қ­­са­­тында 2023–2029 жылдарға арнал­ған тұжырымдама бекітілді. Бұл стратегиялық құжат бес негізгі бағыт­ты қамтиды: өнеркәсіп, энергетика, ғимараттар, көлік және халық. Осы секторлардың әрқайсысы шең­бе­рінде энергия сыйымдылығын төмендетуге және энергияны пайдалану тиімділігін жақсартуға ба­ғыт­­талған нақты индикаторлар белгі­ленген. Энергия тиімділігін арт­тыру және инфрақұрылымды жаңғырту энергия тұтынуды айтар­лықтай төмендетуге және CO2 шыға­рындыларын азайтуға мүм­­кіндік береді. Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, органикалық ауыл шаруашылығы дәстүрлі ауыл шаруашылығымен салыстырғанда азот тыңайтқыштары мен пести­цид­терді пайдаланудан бас тарту арқылы өңделген аумақтың гек­тарына парниктік газ шығарын­ды­ларын кем дегенде 25%-ға азайтуы мүмкін. Сондай-ақ топырақта көмірқышқыл газын ұстап тұру үшін атмосферада сіңіретін қарашіріктің жиналуына байланысты топырақ 10% көбірек СО2 сіңіреді.

–Алматыда «жасыл экономи­каға» көшу шараларының негізгі бағыт­тары қалай жүзеге асып жатыр?

– Қалада экологиялық көлікке көшу, жасыл аймақтарды кеңейту, энер­гия тиімділігін арттыру және қалдықтарды қайта өңдеу сияқты маңызды бастамалар қолға алынған. Дегенмен экологиялық мәселелерді толық шешу үшін бастамаларды белсенді жалғастыру және оған халықтың ұдайы қатысуы да маңыз­ды. Нақты жобаларды айтсақ, Ал­маты­ның жеке тұрғын үйлері бір­тіндеп көмірден газға көшіріліп жатыр. Мысалы, Наурызбай ауданы мен Алатау ауданындағы бірқатар үй осы жобаға қосылды. Бұл жылыту кезінде шығатын зиянды газдарды айтарлықтай азайтуға көмек­теседі.

Қаланың орталық жылу жүйе­ле­ріндегі ескі көмір қазандық­тары газға ауыстырылды. ЖЭО-2 көмірден газға көшу жобасын бастады. Жоба аяқталса, жылу электр орталығы арқылы қалада зиянды заттардың бөлінуін 37,3 тоннадан 2,7 тоннаға дейін азайтуға болады. Жоба 2026 жылы аяқталады. Сонымен қатар көшелерді жарық­тан­дыру жүйесі энергия үнемдейтін шамдарға ауыс­тырылды. Бұл электр энергиясын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді.

Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan» 

Бөлісу:
Әсел Әбен: «Жасыл экономика» табиғатпен үйлесімдікте жүзеге асады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар