Сұхбат
3 мин оқу 80

Роберт Киндлер, неміс ғалымы: Тарихшы өз зерттеуіне адал болуға тиіс

<p style="text-align: justify;">Неміс ғалымы Роберт Киндлердің &laquo;Сталиндік көшпелілер&raquo; кітабы &ndash; зерттеушінің санжылдық ізденісінің жемісі. Аталған кітапты қазақ тіліне жазушы Өтен Ахмет аударып, &laquo;Фолиант&raquo; баспасынан жарық көрді. Ұлтымыздың 1917&ndash;1950 жылдар аралығындағы қоғамдық жағдайын баян ететін ғылыми еңбекті жарыққа шығару үшін ғалым Қазақстан мен Ресейдің, басқа да елдердің архивіне барып, тың деректер жинапты. Біз автормен шағын сұхбат құрған едік.</p>

Роберт Киндлер, неміс ғалымы: Тарихшы өз зерттеуіне адал болуға тиіс

– «Сталиндік көшпелілер» кіта­бын жазу барысында қандай тарихи құжат­тарға сүйендіңіз?

– Осы еңбекті жазу үшін Қазақстан мұрағаттарының (Мемлекеттік архив және Президенттік архив) құжатта­рын, сондай-ақ Ресейдің көптеген мемлекет­тік және партиялық мұрағаттарындағы материалдарды пайдаландым. Өңірлік және орталық деңгейдегі құжаттарды салыстыра отырып, 1931–1933 жылдардағы ашаршылықтың себептері мен оның қалай өрбігенін тереңірек және жан-жақты түсінуге мүмкіндік алдым. Соның нәтижесінде осы кітап жазылды.

– Мұндай кітап жазу идеясы қалай пайда болды?

– Қазақстан тарихына деген қызы­ғушы­лығым осы тақырыпқа арналған кітаптар мен мақалаларды оқыған­нан кейін арта түсті. Сол кезде Батыс Еуро­­пада бұл тақырып бойынша ғы­лыми ең­бектер өте сирек еді. Мен бұл кітап­ты ал­дымен неміс тілінде жаздым. Атал­ған еңбек 2014 жылы жарық көрді. Сол уақыт­тан бері зерттеу жүргізуге де көп мүм­кіндік жасалды. Осы та­қы­рыпта көптеген маңызды еңбек жария­ланды. Олардың ішінде амери­калық тарихшы Сара Камеронның «Аш­тық жайлаған дала» атты кітабы да бар, ол да кейіннен қазақ тіліне аударылды.

– Сіз қазақ даласындағы ашар­шы­лық туралы зерттеулер жүргіздіңіз. Ше­телдік ғалымдар біздің елдегі ашар­­­­шылыққа қандай баға береді?

– Байқауымша, қазір ашаршылық тарихына деген қызығушылық артып келеді. Соның нәтижесінде жұрт Қазақстандағы ашаршылық – сталиндік тарихтың жалпы көрінісіндегі және қазақ тарихындағы маңызды оқиға екенін түсіне бастады. Менің ойымша, бұл тақырып ізімен әлі де көптеген зерттеу жазылады, көптеген тарихи факті жарыққа шығады.

– Қазақ тарихы – күрделі тарих. Оның зерттелмеген тұстары же­тер­лік. Осындай жағ­дайда шетелдік ғалым­­­дардың пікір­лері мен адал көз­­қарастары бізге ауадай қажет. Құжат­­тық зерттеулер жүргізудің не­гізгі шарты қандай деп ойлайсыз?

– Ең маңыздысы – архивтерден та­былған деректерге ашық көзқараспен қа­рау және өзіңнің бастапқы гипотезаға қайшы келетін мәліметтерді де қабылдау. Тарихшы өзінің қызығушылық танытқан мәселесіне адал жұмыс істеуге тиіс.

– «Сталиндік көш­пелілер» атты кіта­быңыз жа­рық көргеннен кейін ға­лым­дар мен тарихшылар қандай пікір білдірді?

– Әріп­тес­те­рім­нің жалпы пікірі оң болды. Әрине, кез келген ғылыми жұмыс тал­­қылануы және сыналуы мүмкін. Шын­дығында, сын­дарлы сын – ғы­лы­ми еңбектің ең жақсы қабылдануы, өйт­кені ол өт­кенді тереңірек түсінуге көмекте­се­ді. Сондықтан жұмысым бойынша қазақстандық әріптестерімнің сындарлы пікірлерін асыға күтемін.

– Орталық Азия, оның ішінде Қа­зақ­стан тарихына қатысты зерт­теу­леріңізді болашақта жалғастыру жос­парыңыз бар ма?

– Иә. Қазақстан университеттері мен зерттеу инс­ти­тут­тарындағы әріп­­тестеріммен ынты­мақтастықты ны­­ғайтуға ниеттімін. Со­ны­мен қатар Батыс ауди­ториясына арнал­ған Қазақстанның жал­­пы тарихы туралы кітап жазуды жос­­­парлап жүрмін. Қазақ тарихының әртүр­лі аспектісіне арналған маман­дан­­дырылған зерттеулер бар, бірақ толық шолу жоқ. Бұл менің келесі зерт­теу жоба­­ларымның бірі деп айта аламын.

Әңгімелескен –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan» 

Бөлісу:
Роберт Киндлер, неміс ғалымы: Тарихшы өз зерттеуіне адал болуға тиіс · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар