Саясат
3 мин оқу 210

Тәжікстанмен стратегиялық серіктестік жалғасады

<p style="text-align: justify;">Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөздер өткізді.</p>

Тәжікстанмен стратегиялық серіктестік жалғасады

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқым­ды мәселелері талқыланды, атап айтқанда, екі ел арасындағы саяси, экономикалық, су-энергетикалық, транзит-көліктік және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары қаралды.

Тараптар достық пен өзара құрмет рухында стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға келісті. Сондай-ақ Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары 2023–2024 жылдары Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Душанбеге және Тәжік­стан Президенті Эмомали Рахмон­ның Астанаға жасаған өзара мемле­кеттік сапарлары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын жіті талқылады.

Сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тықты одан әрі кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қазақстан көптеген жыл бойы Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің «үштігіне» кіреді. Қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы өзара сау­да көлемі 7,4 пайызға өсіп, 1,2 млрд долларды құрады. Тараптар тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі мемлекет басшылары қойған мақсатқа қол жеткізу үшін келісілген шаралар қабылдауға келісті.

Ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы өзара тиімді ынты­мақ­тастық­ты жандандыру да сөз болды. Оның үлесі екі елдің жал­пы тауар айна­лымының 40 пайыз­дан ас­­тамын құрайды. Қазақстан дәс­түрлі өнімдер – бидай, ұн және конди­терлік өнімдердің экспортын өзара тиімді түрде арттыруға дайын. Үшінші елдерге одан әрі экспорттау үшін жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құру да перспективалы бағыт екені айтылды.

– Тәжікстан – біздің Орталық Азия­дағы стратегиялық серіктесіміз және нағыз сенімді одақтасымыз. Былтыр биік деңгейде қол қойылған Одақ­тастық қатынастар туралы шарт тарихи қадам екені сөзсіз, – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Өз кезегінде тәжік министрі елдер арасындағы өзара қарым-қаты­нас­тың осындай жоғары деңгейіне мемлекет басшылары арасындағы сенім­ді әрі дос­тық диалогтің арқа­сында қол жеткізіл­генін атап өтті.

– Біз Қазақстанмен қарым-қаты­нас­ты жоғары бағалаймыз және сауда-экономикалық трекке үлкен мән береміз, оны практикалық мазмұнмен толтыру қажет, – деді С.Мухриддин.

Сондай-ақ ғарыштық және IT-технологияларды игеру, жасан­ды интеллект пен цифрландыруды дамыту салаларындағы өзара іс-қимыл келешегі талқыланды. Атап айтқанда, екі елдің мамандары Тәжікстан серверлерінде «Интер­нет-ресурстардың бірыңғай платформасы» және «SmartBridge» жү­­йе­лерінің негізгі компоненттерін сәт­ті орналастырған еді. Осы бас­та­ма­­ларды іске асыру үшін қазіргі уа­қыт­та 100-ден аса тәжік маманы Astana-Hub-та тегін оқып жатыр.

Мәдени-гуманитарлық ын­ты­мақтастық та талқыланды. Мем­ле­кет басшыларының тапсырма­сына сәйкес кейінгі екі жылда Қазақ­стан мен Тәжікстанның мәдениет күндері өтті. Душанбеде Абайдың бюсті, сондай-ақ Астанада ибн Сина мен Рудаки ескерткіштері орнатылды. Жоғары білім беру саласында бірлескен жобалар табысты іске асырылып келеді. Атап айтқанда, Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің қаты­суымен М.Осими атындағы Тәжік техникалық университетінде бір­лескен ақпараттық технология­лар фа­культеті ашылды.

Кездесу барысында министрлер өңірлік және жаһандық күн тәр­тібіндегі өзекті мәселелер бо­йын­ша «сағаттарды теңестіріп», көпжақты құры­лымдар шеңберінде одан әрі тығыз ынтымақтасуға, екі мем­лекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету кезінде өзара қолдау көрсетуге бейілділігін растады.

СІМ басшылары өңірлік кооперацияны одан әрі дамытудың, Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі бірлескен күш-жігердің, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері, Халықаралық Аралды құтқарудың қоры, АӨСШК, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ және басқа да халықаралық алаңдардың шеңберінде өзара ықпалдасудың маңыздылығын атап өтті. 

Бөлісу:
Тәжікстанмен стратегиялық серіктестік жалғасады · Egemen Qazaqstan