Мәселе
3 мин оқу 320

Тоқыма фабрикасы неге тоқтады?

<p style="text-align: justify;">Атырау облысында 2016 жылы түйе мен қойдың жүнін өңдейтін фабрика ашылды. Өңделген жүннен жамылғы шығарыла бастаған еді. Алайда қазір аталған кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр.</p>

Тоқыма фабрикасы неге тоқтады?

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкер­лік корпорациясы» АҚ-ның Актив­терді бас­­қа­ру және еншілес тәуел­ді ұйымдар департаментінің басшысы Руслан Қабиевтің ұсынған ақпаратына сүйен­­сек, фабриканың құры­лысы 2014 жылы басталған. Жоба екі кезеңмен іске асырылыпты.

«Бұл жоба жеңіл өнер­­кә­сіпті дамыту үшін қолға алынды. Қой және түйе жүнін бастапқы өңдеп, кейін одан дайын өнім шы­ғару мақсаты көзделді. Қа­зір тоқыма фабрикасына «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС иелік етеді. Аталған кәсіпорынның жарғылық капиталының 49 пайызы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға тиесілі», дейді Р.Қабиев.

Оның дерегіне сүйенсек, жоба құны 2 432,5 млн теңгені құрай­ды. «Атырау» ӘКК» АҚ тарапынан жобаға жарғылық капитал ретін­де 76,44 млн теңге, мақсатты займ тү­рінде 1 576,1 млн теңге салынған. Ал жоба бас­тамашысы болған инвестор 829,5 млн теңге құйған.

ап

«Жобаның өндірістік қуаты – жылына түйенің 100 тонна, қойдың 350 тонна жүнін өңдеу. Алғашқы өңдеуден өткізілген жүннен 400 мың қума метр жамылғы шығару жос­парланды. Кәсіпорында 2015–2017 жылдары 122 967 кило шикізаттық жүн өңделді. Одан 65 289 тонна өңделген жүн алынды. Бұл – жобада көзделген жылдық қуаттың 27,4 пайызы. Шикізатпен қамту жобалық қуатының 10 пайызынан аспады. Соған қарамастан 2016–2018 жылдары 31,658 тонна жіп иірілді. Осы жылдары 24 391 қума метр матадан 4 591 жамылғы шығарылды. Оған 18 тонна жіп қолданылды», деп мәлімдеді корпорация өкілі.

Алайда 2018 жыл бас­та­лысымен аталған кәсіпорынның басына бұлт үйірілді. Ковид пандемия­­­сы өршіген 2019–2020 жыл­­­дары жұмысы тіптен шатқаяқ­­та­ды. Мұның салдары фабрика өндірісінің тоқтауына себеп болды.

«Фабриканың жұмысын тоқта­туы­на бірнеше себеп әсер етті. Бірін­шіден, айналым қаржысы болмады. Екіншіден, істен шыққан кейбір технологиялық қон­дыр­ғылар мен станоктарды жөндеу мәселесі ше­шімін таппады. Үшіншіден, жобаны іске асыруға бай­ланыс­ты тұ­рақты өнім шы­ғарылмады. Төр­тін­шіден, шикізатты дайындау, на­рық­қа маркетингтік талдау секілді өн­дірістік үдеріс жос­­парланбады. Бесіншіден, дайын өнімді өткізуге байланысты маркетингтік стратегия түзілмеді. Алтыншыдан, маркетолог, қондырғы жө­нін­­дегі техник, тоқыма өнер­кә­сібінің технологі секілді ма­мандардың тап­­шы­лығы туындады», дейді Р.Қабиев.

Корпорация өкілінің пікіріне қарағанда, басты түйткіл шикізат­тық сапалы жүннің тапшылығынан туындаған. Әсіресе облыс аумағынан табылған жүн­нің сапасы төмен болып шыққан.

«Өйткені Атырау облысында еділбай тұқымдас қой өсіріледі. Қойдың бұл тұқымы ет бағытын­да өсі­­рі­летіндіктен, оның жүнінің талшығы ірі болып келеді. Мұндай жүнді тоқыма саласына қолдану мүмкін емес. Ал жіңішке және жартылай жіңішке талшықты жүн меринос, цегай және кросбред тұқым­ды қойдан алынады. Қойдың бұл тұқымдары Қазақстанда, Ресейдің Қал­мақ және Дағыстан Респуб­ли­касында бар», дейді Р.Қабиев.

Бұл фабриканың жұ­мысы қашан жанданатынын дөп басып айту қиын. Дегенмен «Атырау» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жүн фабрикасын қайта жандандыру үшін инвестор іздеп жатыр. Жобаға қосымша қаржы салу қажеттігі туындап отыр.

«Инвес­торларға қойы­латын бір­­неше талап бар. Біріншіден, қы­зы­ғушылық танытқан инвес­­тор­дың то­қыма өнер­кә­сі­бінде тәжі­рибесі болуы қажет. Екін­шіден, шы­­ға­рылаған өнім­дерден барынша та­­быс табатындай тиімді техникалық-эко­­но­микалық модель енгізу керек. Үшіншіден, кәсіпорын өнімінің өзін­дік құнын төмен­детіп, ықшамдау жо­лымен шығынды азайтқаны жөн. Төртіншіден, аудандарда және Ресейдің көршілес өңір­лерінде ши­кізаттық жүн жинайтын пункттер ашу керек. Бесіншіден, өнім өткізуге байланысты маркетингтік бағдарлама әзір­леп, ұзақ­мер­зімді ке­лісім­­шарт жасауын талап ете­міз», дейді департамент директоры.

«Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-нің жүн фабрикасында бұрын 40 адам жұмыс істесе, қазір тек директор ғана қалыпты. Мұнда басшыдан өзге жұмыс істейтін бірде-бір адам жоқ.

Атырау облысы 

Бөлісу:
Тоқыма фабрикасы неге тоқтады? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар