Баянды бағдарлама
<p style="text-align: justify;">Бидайық ауылының тұрғыны Ғалия Отарбаева біраз уақыт бұрын «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9 300 000 теңге жеңілдетілген несие рәсім­деп, оған 30 бас ірі қара мал мен 10 тон­­на шөп азығын сатып алды. Сиыр сауу­ға арнал­ған аппаратты алуға жеке қаржысын жұм­саған. Осы­лай­ша, тиімді мемлекеттік қол­­дау нәти­­же­сінде берекелі кәсіпке белсе­не кіріс­кен еді.</p>

Сатып алған ірі қара биыл екінші жыл бұзаулады. Таңғы және кешкі алтыда 30 сиырды сауып, сүт өнімдерін дайындайды. Сүтін тартып, қаймағын алып, майын шайқап, саудаға шығарады. Шыққан көк сүтінен ақ ірімшік, сары ірімшік жасап, құрт қайнатады. Сарымайдың килосы 6–6,5 мың теңге болса, сүттің бір литрінің бағасы 180–200 теңге аралығында.
Ғалияның үйі Қызылорда – Павлодар тасжолының іргесінде орналасқан. Бұл да сауданың сәтті жүруіне себепші. Дәмін татып, қызығушылығы артып, тұрақты клиентіне айналған тұтынушылар қаншама.
Отбасының ұйытқысы болып отырған Ғалия Амантайқызы бізбен әңгімесінде «Ерінбей еңбек еткен адамға ғана құт қонып, ырысы артады» деді. Төрт бала өсірген ана ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Олардан тараған сегіз немересі бар. Қолындағы ұлы мен келіні кәсібіне қолғабыс етеді. Кәсіп иесінің жоспары да ауқымды. Алдағы уақытта мал басын арттырып, шаруашылық аясын кеңейтсем деген ниеті бар.
Ұлытау облысы,
Жаңаарқа ауданы
