Арпа экспорты екі есе артқан
<p style="text-align: justify;">2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы тамызға дейінгі аралықта арпаның сыртқа жеткізілу көлемі 1,82 млн тоннаны құраған, бұл өткен маусымның осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп (+952,6 мың тонна). Осылайша еліміз арпа экспортын айтарлықтай арттырып отыр, деп жазады <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Нақты атағанда, Иранға 1,064 млн тонна арпа экспортталса (бұл өткен маусыммен салыстырғанда 30 есеге артық), Қытайға – 414,4 мың тонна, Өзбекстанға –125,2 мың тонна жөнелтілген.
Экспортқа сұраныстың артуы ішкі нарықтағы бағаның өсуіне оң әсер еткен. Егер 2024 жылғы қыркүйекте арпаның тоннасы 50-52 мың теңге деңгейінде болса, 2025 жылғы тамыз айының басында ол 85-87 мың теңге аралығында тұрақтаған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ішкі нарықтағы жағдай тұрақты. Бұл ретте «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 500 мың тонна бидай және 200 мың тонна көлеміндегі жемдік қор (бидай мен арпа) есебінен нарықтағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп отыр.
Астық бағасының өсуі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қызметіне оң әсерін тигізіп, шаруа қожалықтарының рентабельділігін сақтауға, фермерлердің қосымша қарызсыз ағымдағы шығындарын уақытылы өтеуіне, сондай-ақ шаруашылықты сақтау-дамыту инфрақұрылымына инвестиция салуына мүмкіндік береді.
