Басылым
2 мин оқу 70

Дәуір дидарындағы дипломатия

<p style="text-align: justify;">Ел сарапшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі сыртқы саяси бағытына терең әрі көпқырлы талдау жасады. Сараптамалық материалдар &laquo;Президент Тоқаевтың дипломатиясы&raquo; деп аталатын ұжымдық монографияда топтастырылған. Жаңа жинақ Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) көпшілікке таныстырылды.</p>

Дәуір дидарындағы дипломатия

Авторлар Президент дипло­ма­тиясының үш негізгі қағи­даты­на, сондай-ақ еліміздің сырт­қы саясатын әлемдік саясат­тағы күн сайын құбылып отыра­тын ахуалға ұтымды әрі страте­гия­лық бейімдеу тетіктеріне бас­ты назар аударған. Сондай-ақ Ауғанстан мен Украинадағы халық­аралық дағдарыстарға, жаһан­дық климаттық қауіптерге және қазіргі дипломатияның контекс­тін айқындайтын сын-қатер­лер де талданған. Басылым автор­лары – Еркін Тұқымов, Санат Көшкімбаев, Болат Әуел­баев, Ерболат Сейілханов, Даурен Әбен және Әсел Әбен сынды халық­аралық қатынастар мен жаһандық экономика саласындағы жетекші сарапшылар.

Кітаптың таныстырылуында сөз сөйлеген ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина: «Президент Тоқаевтың дипломатиясы – бұл тек сыртқы саяси бағыт қана емес. Бұл еліміздің халық­аралық аренадағы беделін нығай­татын әрі еліміздің жаһан­дық үде­рістердегі жауапты әріп­тес ретіндегі кемелдігін айқын көрсететін кешенді стратегиялық көзқарас», деп атап өтті. 

Жалпы, басылымда елдің ішкі саяси реформалары мен сыртқы саяси бағыты арасындағы өзара байланыс ерекше сипатталады. Бұл Президент Қ.Тоқаевтың дип­ломатиялық стратегиясын кеңірек әрі көпқырлы контекс­те қарас­тыруға мүмкіндік береді. Моно­графия авторларының бірі, Қазақ­стан Республикасы Президенті­нің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Еркін Тұқымов аталған моно­графияны әзірлеуге түрткі болған себептерді айтып өтті.

«Шетелдік әріптестермен, жастармен, студенттермен кез­десулер барысында кейінгі жыл­дардағы еліміздің сыртқы сая­сатының мазмұнына қатысты сұрақ­тар жиілей түсті. Осыған бай­ланысты жүйелі аналитикалық еңбекке деген қажеттілік пайда болды. Біздің бұл жұмысымыз тек сарапшыларға ғана емес, кең ауди­торияға да пайдалы дереккөзі­не айналатынына сенеміз», деді Е.Тұқымов.

Ал басылымның бірлескен авторы, ҚСЗИ бас ғылыми қызмет­кері Санат Көшкімбаев Қ.Тоқаев дипломатиясы тек прези­денттік тәжірибенің ғана емес, сонымен қатар бірегей кәсіби жолдың нәтижесі екенін айтады.

Монография халықаралық қатынастар саласының мамандарына, саясаттанушыларға, студенттерге, дипломаттарға, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі әлемдегі стратегиялық орнына қызығушылық танытқан барша оқырманға арналған. 

Бөлісу:
Дәуір дидарындағы дипломатия · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар