Жұмыс
2 мин оқу 50

Жәрмеңкеде 248 жұмыс орны ұсынылды

<p style="text-align: justify;">&laquo;Ақтөбе қаласының мансап орталығы&raquo; филиалы, &laquo;Amanat&raquo; партиясы жанындағы &laquo;Жастар рухы&raquo; жастар қанаты және қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жастар күніне орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған қатысқан өңірдегі 37 мекеме мен кәсіпорын өкілі 248 жұмыс орнын ұсынды.</p>

Жәрмеңкеде 248 жұмыс орны ұсынылды

Өңірге экономист, заңгер, есеп­ші, психолог, көлік жүргізушісі, дефек­толог, қазақ, орыс, ағылшын тілде­рінің мұғалімдері, аспаз, нау­байшы, жүн сұрыптаушы, сауда менед­жері қажет. Жастарға ар­нал­ған жәрмеңке өткізілетіні туралы әлеуметтік желі мен мемле­кеттік мекемелер сайтына бірнеше күн бұрын хабарландыру берілді.

Тұңғыш Президент атындағы саябақта өткен іс-шараға жастардан өзге өзін-өзі жұмыспен қам­тып жүрген азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, борышкер­лер, пробация есебінде тұрған­дар да келді. Жұмыс беруші­лер қатарында «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Ақтөбе мыс компаниясы», «Ақ­­төбе хром қосындылары зауыты», «Қазақстандық мұнай жаб­дықтарын шығаратын зауыт», «№3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ, «KazFelTec» ЖШС, «Атамекен» студенттік құрылыс отрядтары бір­лес­тігі, «Жасыл ел» жасағы, қаладағы №83, №59 орта мектеп өкілдері болды.

«Биыл Ақтөбе қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі осымен жетінші рет өткізілді. Соның нәтижесінде 427 тұрғын жұмысқа орналасса, оның 108-і – жастар. Іс-шараға жұмыс беруші мекемелер өкілдері мен жұмыссыз азаматтар көптеп қатысты. Мұндай екіжақты жүздесулер өте тиімді. Өйткені өндіріс орындары өкілдері нарық­тағы сұранысқа ие мамандықтар, кәсіби біліктілікті көтеру, қайта даяр­лықтан өту, әлеуметтік көмек түрлері туралы келушілерге жан-жақты ақпарат береді. Осы жолы жастар тәжірибесі, алғашқы жұ­мыс орны, аға ұрпақ тәжірибесі сияқ­ты шеберлік сабақтары да ұсынылып, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өкілдері мемлекеттік қызметші болуға ынталанған жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді», дейді Ақтөбе қаласы Ман­сап орталығы филиалының директоры Айна Мырзатаева».

Айта кету керек, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақтөбе қаласында тұрақты жұ­мысқа 1473 жас орналас­ты. Соның ішінде, әлеуметтік жұ­мыс орындарына 37, жастар тәжі­рибесіне – 122, қоғамдық жұмысқа – 116, алғашқы жұмыс орнына – 16, тәлімгерлік бағытымен аға буынның жас маманды үйрету жобасына 4 адам қатысты. «Бастау-бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін 420 адам оқыса, электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқуға 338 жас азамат тартылды. 46 жұмыссыз жас мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кәсіп бас­тады». 

Қазірде Ақтөбе қаласы бо­йынша электронды еңбек биржасы порталында 2041 бос жұ­мыс орны жарияланған.

Ақтөбе облысы

Бөлісу:
Жәрмеңкеде 248 жұмыс орны ұсынылды · Egemen Qazaqstan