Жиде мен шырша тұқымы жиналды

<p style="text-align: justify;">Алматы облысында &laquo;Таза Қазақстан&raquo; экологиялық акциясы аясында жиде мен Шренк шыршасының тұқымын жинау апталығы басталды. Шараның негізгі мақсаты &ndash; орман қорын толықтыру, табиғи тұқым қорын қалыптастыру, жастардың экологиялық мәдениетін арттыру.</p>

Жиде мен шырша тұқымы жиналды

Бақанас орман шаруашы­лығында өткен іс-шараға орманшылармен қатар колледж студенттері мен мектеп оқу­шылары қатысты. Нәтижесінде, бір күн ішінде 200 кг-дан астам жиде тұқымы жиналды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәлі­ме­тінше, биыл өңірде шамамен 1,5 тонна жиде мен Шренк шыршасының тұқымын жинау жоспарланған.

«Әрбір жиналған тұқым – ертеңгі жасыл орманның бастауы. Бұл – өңірдің экологиялық әлеуетін арттыруға бағыттал­ған маңызды қадам», деп атап өтті басқарма басшысы Қанат Нүсіпбаев.

Жиналған тұқымдар көк­темде облыстық орман тұқым­бақтарына жеткізіліп, көшет­терге айналдырылады. Кейін олар орман қоры жерлеріне отыр­ғызылып, өңірдің жасыл айма­ғын кеңейтуге қызмет етеді.

2021 жылдан бері Алматы облысында 17,4 мың га аумаққа 38,3 млн ағаш отырғызылды. Бұл Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындаудағы өңірдің нақты үлесі саналады.

Алматы облысы

Бөлісу:
Жиде мен шырша тұқымы жиналды · Egemen Qazaqstan