Анна Данилина Қытайдағы WTA 500 турнирін жеңіспен бастады
<p style="text-align: justify;">Қазақстанның үздік жұп ойыншысы, әлемнің 13-ракеткасы Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінде алғашқы айналымда жеңіске жетті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Турнирдің үшінші ракеткасы атанған бұл жұп Германия өкілі Лаура Зигемунд пен америкалық София Кенинге қарсы ойнап, айқын басымдық танытқан.
Бірінші партияда қазақстандық пен сербиялық теннисші сенімді ойын көрсетіп, қарсыластарын 6:2 есебімен тізе бүктірді. Екінші сетте тартыс күшейіп, Зигемунд пен Кенин 3:1 есебімен алға шыққан болатын. Дегенмен Данилина мен Крунич шешуші сәттерде жинақылық танытып, матчты 7:5 есебімен аяқтады.
Ойын 1 сағат 37 минутқа созылған. Осы уақытта жеңімпаз жұп 3 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың алтауын тиімді пайдаланды. Ал қарсыластары бір эйс және үш брейкпен шектелді.
Келесі айналымда Анна Данилина мен Александра Крунич америкалық Николь Меличар-Мартинес пен ресейлік Людмила Самсонова жұбына қарсы ойнайды.
Айта кетейік, Данилина мен Крунич өткен аптада Ухань қаласында өткен WTA 1000 турнирінде финалға дейін жетіп, үздік нәтижеге қол жеткізген еді.
