Жасыл желек – жер көркі
<p style="text-align: justify;">Қазан айының үшінші жексенбісінде Орман шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл күн – табиғаттың байлығын сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету жолында еңбек етіп жүрген бейнеткеш қауымға деген құрметтің белгісі. Орман – еліміздің баға жетпес байлығы, табиғаттың тынысы, тұрғындардың тіршілік көзі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тал егу, орманды алқаптарды сақтау, ұлғайту ісіне ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жақын жылдары еліміздің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады.</p>

Елімізде біраз жылдардан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы бар. Жыл сайын «Бүкілхалықтық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясы өткізіледі. Акцияның мақсаты – ормандарды сақтау, қалпына келтіру, көбейту, ауыл, аудан, аймақтарды абаттандыру. Кейінгі кезеңде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында да жер-жерлерде көгалдандыру, тал көшеттерін отырғызуға қатысты көптеген жұмыс атқарылды. Орман қорларын сақтау, көбейту жөніндегі шаралар баршамыз үшін ең әуелі Жер-Анамызды сауықтыру үшін аса қажет. Орман – ұлт байлығы, адамзаттың аманаты. Оны қорғау – тек осы салада еңбек ететін маман, жұмысшылардың ғана емес, әрбір саналы азаматтың парызы.
