Ел балабақшаларында бүлдіршіндерді кәсіпке баулитын жоба басталды
<p style="text-align: justify;">Елімізде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту мақсатында 2025–2026 оқу жылында «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» пилоттық жобасы іске асырылады, деп жазады <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Жобаға республика бойынша 100 мектепке дейінгі ұйым қатысады. Оның ішінде 62 мемлекеттік және 38 жекеменшік балабақша бар. Бағдарлама 4 пен 5 жастағы балаларды қамтиды.
Жоба балаларды еңбекке баулу, олардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ еңбек пен түрлі мамандық иелеріне құрметпен қарап, бағалауға дағдыланады.
«Жоба мазмұны баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай әзірленген. Балалар күнделікті ойын және тәжірибелік іс-әрекет арқылы түрлі кәсіп түрлерімен танысады, қарапайым еңбек дағдыларын меңгереді. Жоба аясында балалардың еңбекке деген қызығушылығы артады, ұжымдық жұмыс пен еңбек ету қабілеті дамиды, сондай-ақ болашақ кәсіби бағдардың алғашқы қадамы жасалады», делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.
