Маңғыстауда жасыл энергетика бағытында халықаралық жоба қолға алынды
<p style="text-align: left;"><strong>Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «HYRASIA ENERGY» ЖШС өкілдерін қабылдап, Hyrasia One жобасының іске асырылу барысын талқылады. Кездесу барысында компанияның бас директоры Алмас Айдаров атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады, деп жазады <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Hyrasia One – Маңғыстауда жасыл сутегін өндіру бағытында жүзеге асырылып жатқан ең ірі халықаралық бастамалардың бірі. 2021 жылдан бері жоба аясында жел мен күн ресурстарын зерттеу үшін 4 метеомачта мен 18 радар орнатылып, геологиялық-геодезиялық зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ халықаралық ESG талаптарына сәйкес экологиялық және әлеуметтік зерттеулер жасалды. Нәтижесінде 21 тарихи-мәдени нысан анықталып, археологиялық ескерткіштер тізіміне енгізілді. Technip Genesis компаниясымен бірлесіп дайындалған алдын ала техникалық талдау (Pre-FEED) толық аяқталды.
Жобаның барлық дайындық жұмыстары жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда. Инвестордың жалпы салған қаржысы – шамамен 30 млн АҚШ доллары. Сонымен қатар жоба Германия тарапынан федералдық инвестициялық кепілдік алып, стратегиялық маңызы расталды.
Алғашқы кезеңде электр энергиясының 4 ГВт қуаттылығы қарастырылып, жылына 130 мың тонна жасыл сутек өндіру жоспарланып отыр.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай жасыл энергетика саласындағы халықаралық жобалардың өңір экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті.
– Осындай халықаралық деңгейдегі ірі инвестициялық жобалар өңірдің дамуына серпін береді. Маңғыстау жасыл энергия бағытында үлкен әлеуетке ие, сондықтан біз мұндай бастамаларды қолдауға мүдделіміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі өңірдегі ірі стратегиялық жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Маңғыстау облысы
