LRT-ның ресми іске қосылуына санаулы күндер қалды
<p><strong>Қала әкімі Жеңіс Қасымбек жобаның сынақ мерзімі аяқталуға жақын екенін және оның жоспардан ерте ашылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.<br /></strong></p>
Астана әкімінің айтуынша, қазіргі таңда жеңіл рельсті көлік жүйесі 2,6 айдан бері сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Осы айдың соңына дейін жобаға қажетті барлық вагондардың жеткізілімі толық аяқталады деп күтіледі. Қазіргі уақытта бекеттердің ішкі әрлеу жұмыстары соңғы кезеңге келген.
«Біз бастапқыда сынақ режимі үш айдан алты айға дейін созылатынын айтқан болатынбыз. Дегенмен, алдағы екі айдың ішінде барлық жұмыстарды толық аяқтап, LRT-ны жұмыс режимінде іске қосуды жоспарлап отырмыз», деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жаңа көлік жүйесі іске қосылған соң Есіл және Нұра аудандарындағы кептеліс мәселесін шешуге септігін тигізбек.
Әсіресе, Қалдаяқов, Сығанақ көшелері мен Қабанбай батыр даңғылындағы көлік кептелісі айтарлықтай жеңілдейді деп болжанып отыр.
Еске сала кетейік, LRT жүйесін кешенді сынақтан өткізу жұмыстары биылғы жылдың 29 қыркүйегінде басталған болатын.
