Басылым
2 мин оқу 300

Халық батыры хақындағы жаңа кітап

<p style="text-align: left;">Даңқты әскери қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуы күні қарсаңында Алматының &laquo;Мирас&raquo; баспасынан шыққан &laquo;Бауыржантанудың тұнығы мен тұңғиығы&raquo; атты шағын жинақ оқырман қолына тиді. Кітаптағы эссе де, естелік те, көлемді сұхбаттар да соңғы 10 жыл көлемінде &laquo;Egemen Qazaqstan&raquo; газетінде жарық көрген дүниелер.</p>

Халық батыры хақындағы жаңа кітап

«Бостандық аралы бас иген Батыр» атты эсседе КСРО Мемлекеттік қауіп­сіздік комитеті Сыртқы-құпия барлау комитетінің ардагер-полковнигі Александр Пепелев баяндаған бұған дейін тарихи құжаттарда  тіркелмеген қызықты деректерге тап боласыз.

– Мен сол кезде атқарып жүрген әскери құпиялық қызметіме сәйкес Мәскеуден Гаванаға аттанатын кеңестік делегацияның құрамына кәсіпорын­ның қатардағы инженері (Новосібір) санатында енгізілдім. Атқаратын мін­детім  айқын, ол – Бауыржан... – дейді қарт агент-полковник. – Бауыржан Момыш­ұлын кубалықтар әуежайда тай­лы-таяғы қалмай тік тұрып, ерекше қошеметпен қарсы алды. Кеңестік деле­гацияның құрамында КСРО-ға танымал кісілер көп. Бірақ азаттық аралы жұртының Момышұлына деген ықыласын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Гагаринге ғана осындай құрмет көрсетілген. Ерекше салтанатпен он күннің өткенін білмей қалыппыз. Кубаның әскери­лері елдің қорғаныс министрі Рауль Кастро бас болып, даңқты қолбасшының Бостан­дық аралында тағы да 20 күнге алып қалып, дәрісін тыңдау жөнінде мәселе көтерді. Халықаралық дипломатия­лық хаттама бұзылмауға тиіс, «елге қайтамыз» деп оған алғашында мән бермегенбіз.

КСРО мен АҚШ арасындағы Куба­ға қа­тысты 1962 жылғы қазандағы «Кариб дағдарысына» жыл толған. «Бақы­лауымдағы» Момышұлын сондай әлем­дік дағдарыс тұрақтанбай жатқанда шетелде қалдырып, делегациямен елге қайттым. Мәскеудегі комитеттегілер маған шүйлігіп қатты «қиғылық» салды. Менің қолымнан не келеді: Хрущев пен Фидель Кастро солай шешіпті. Кейін естігенім, Момышұлы: «20 күн қала алмаймын, он күн қоссаңыздар жетеді, аяқталмай қалған дәрісімді оқып, тәжірибемді командирлермен бөлі­сіп үлгеремін» деп табандап тұрып алыпты, кубалықтар көніпті.

Құпия-барлаушы полковник Пепе­лев өзі қатысқан, ұлт батыры Бауыр­жан Момышұлының Куба сапары оқиғаларын осылай түйіндейді.

Бауыржан Момышұлы 1963 жылы «Бостандық аралына» аяқ басқанда 53-те, Фидель Кастро – 37-де, Че Гевара – 35-те, Рауль Кастро 33 жаста екен. Даңқты әскери қолбасшыдан дәріс тыңдап, нағыз соғыс тактикасына қанығып, қана­ғат­­танған кубалық әскерилер сол жолы Кеңестің атақты коронелін (полков­нигін) – Бауыржан Момышұлын  Куба Революциялық Қарулы Күштерінің 53-дивизиясына құрметті командир етіп сайлайды...

Кітапта аты аңызға айналған Халық батырының бейбіт қоғамдағы, сұрапыл соғыстағы, жеке өміріндегі оқырманға бұған дейін беймәлім болып келген алуан-алуан өте қызықты тың деректер баршылық.

Айтпақшы, кітаптың аңдатпасы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев­тың «Бәукеңнің есімі халқымыз үшін қа­шанда батырлықтың, қайсарлықтың және ержүректіліктің символы болып саналады... Біз ұлтымыздың айбыны мен айбарын асқақтатқан Қаһарманның рухына тағзым етіп, есімін ел жадында мәңгі сақтауымыз керек. Бұл – бүгінгі буынның да, болашақ ұрпақтың да  перзенттік борышы» деген алғысөзімен басталады.

Кітап авторы «Egemen Qazaqstan» газе­тінің ардагер-журналисі Талғат Сүйін­бай, редакторы – «егемендік» ардагер, жа­зушы-журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы.

Бөлісу:
Халық батыры хақындағы жаңа кітап · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар