Қоғам
2 мин оқу 330

Шоқпартоғайдағы «морж»

<p style="text-align: left;">Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай ауылының тұрғындары арасында суық суға түсетіндер бар. Бұрын бұл істі Жарылқасын Байжанов бастаған еді. Енді оның жолын Ерасыл Қайырбай жалғастырып келеді.</p>

Шоқпартоғайдағы «морж»

Ерасылдың ата-анасы өмірге бес бала әкеліп, бәрін адалдық пен қарапайымдылыққа тәр­биеледі. Отбасындағы екінші бала мектепте оқыған кезінен көркемсөз оқуға әуес болып, бірнеше байқаудың жүлдегері атанды. Қазақтың қайталанбас бірнеше ақынының, әсіресе Мұқағали Мақатаевтың өлең­дерін жатқа оқиды. Актер болуды армандағанымен, Ақтөбе қаласындағы колледжде аспаз мамандығын меңгерді.

Алғашқы мамандығымен жапон асханасында жеті жыл жұмыс істеді. Алайда түрлі тағам дайындаумен шектелмей, маркетолог қызметіне қызы­ғушылығық танытты. Бүгінгі трендтен қалмауды көздеп, Instagram мен TikTok-та белсен­ділігімен танылып жүр.

«Әлеуметтік желіні хайп қуу үшін қолданбаймын. Дегенмен цифрлық дәуірде артта қалғым де келмейді. Бұл тұрғыда үнемі іздену қажет. Ұстанатын басты қағидам – білім жетілдіру, оқу, үйрену, алға ұмтылу», дейді Е.Қайырбай.

Осы орайда саламаттылық қағидасымен денсаулығын шы­нықтыруға мықтап ден қойды. Алдымен аязды күндері жеңіл киіммен далаға шықты. Содан кейін суық суға түсуді бастады.

«Бастапқыда суық суға түсу оңай болмады. Алдымен денемді қыздырып, жеңіл киіммен 3-5 шақырым жүгіремін. Содан соң суық суға түсемін. Суық су 1-1,5 минутта ағзаға әсер ете бастайды. Күш-қуатың артады. Өзіңді жеңіл сезінесің. Дегенмен, шешем бұл қадамымды құп­тамай, қарсылық біл­дірді, денсау­лығыма алаңдады. Бірақ қысқы маусымда суық суға шо­мылудан бас тартпадым», дейді ол.

Қазір Ерасыл зайыбы Сәби­намен бірге егізі – Асылхан мен Асылды тәрбиелеп отыр. Ұлын өзімен бірге өзенге апарып, суық суға түсуге бейімдеп жүр. Ауылдастары оны «Біздің арамыздағы «морж» деп атайды.

Атырау облысы

Бөлісу: