Театр
2 мин оқу 11

Өзбек театрының өнері

<p style="text-align: left;">Жастар театрының төрінде бауырлас Өзбекстан елінен келген Кәттақорған қалалық драма театрының гастрольдік қойылымы елорда көрермені үшін елеулі мәдени оқиғаға айналды. Өнерлі ұжым Шыңғыс Айтматовтың адам жанына терең бойлайтын әйгілі туындысы &ndash; &laquo;Ерте қайтқан тырналар&raquo; спектаклін ұсынды.</p>

Өзбек театрының өнері

Бұл қойылым – со­­ғыс пен тағдыр, ­үміт пен жоғалту­дың ара­сындағы адамдық драманы нәзік психоло­гия­лық иірімдер арқылы бейне­лей­тін сахналық туынды. Айтматов прозасына тән ішкі тыныштық пен жан айқайы спектакль бо­йынан айқын сезілді. Әсі­ресе ана­ның тағдыры, күту мен сенімнің арасындағы күй көрерменді бейжай қалдырмады.

Қойылым режиссері Ғофур Мардоновтың көр­кем­дік шешімі мен сахна­­лық ойлау көкжиегі, инсце­ни­ровка авторы Сардор Хам­роев­тың драматургиялық шешімі арқылы шығарма мазмұны заман талабына сай жаңаша тыныс алып, адам тағдыры, соғыс қасіреті, ананың үміті мен рух күші әсерлі ашылды.

Ғофур Мардонов дра­маның философиялық сал­мағын сыртқы эффектілер­мен емес, актерлік ансамбль­дің тұтастығы мен ішкі драматизм арқылы сараптауға ден қойған. Театр әртістері де спектакльде жеке дара­лыққа емес, ортақ ой мен сезімді жеткізуге ұмтылды. Сахнадағы әрбір қозғалыс, үнсіздік пен үзіліс – кейіпкер жанындағы толқыныстың көрінісі. Актерлік ансамбль­дің тұтастығы мен кәсіби шеберлігі қойылымның көр­кемдік қуатын арттырып, кө­рермен ықыласына бөленді. Бұл – ұжым ізде­ні­сінің басты көркемдік жетістігі.

Иә, «Ерте қайтқан тырналар» – сахнадан көтеріл­­ген сағыныштың, үміттің, ­­адам­­­дық төзімнің рәмізі. Ал Кәттақорған драма театры­ аталған туынды ар­қы­лы өз өнерінің биік деңгейін, шы­ғармашылық мүм­кін­­­дігін айқын көрсете алды.

Астана көрермені спектакльді зор ықыласпен қабылдады. Қойылым ба­уырлас халықтар арасындағы рухани байланыс пен театр­дағы шығармашылық тәжі­рибе алмасудың айқын мысалы ретінде бағаланды. Ал айтулы өнер сапары екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, қазақ пен өзбек кө­­рерменіне Айтматов әле­мінің бірдей түсінікті еке­нін тағы бір мәрте дәлелдеді. 

Бөлісу:
Өзбек театрының өнері · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар