Инфляция
2 мин оқу 30

Кіріс артып, инфляция төмендеді

<p style="text-align: left;">Биылғы бірінші тоқсанда бюджет кірісі артып, инфляция қарқыны біршама баяулағаны байқалды. Сарапшылар мұны ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруінен кейінгі қысқамерзімді баға өсімінің әсері біртіндеп басылғанымен байланыстырады. Былтырғы жылдың соңы мен биылғы қаңтар-ақпан айларында бұл фактор экономикаға сіңіп, қазір инфляцияға айтарлықтай ықпал ете қоймады.</p>

Кіріс артып, инфляция төмендеді

Жедел деректерге сәйкес биылғы 1 тоқсандағы мемлекет­тік бюджет кірісінің атқарылуы (трансферттерді есептемегенде) 104,4%-ды құрады. Жоспардағы      6 176,2 млрд теңгенің орнына бюджетке 6 444,9 млрд теңге түскен. Асыра орындау – 268,7 млрд теңге.

Өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік бюджет кірісі 930,6 млрд теңгеге немесе 16,9% ұлғайды. Кіріс жоспарының асыра орындалуы республикалықта, жергілікті бюджеттерде де тіркелді. Айта кету керек, биылға ар­нал­ған салық түсімдерінен респуб­ликалық бюджеттің кірісі 18,886 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр. Бұл былтырғы нақты түсімнен 4,4 трлн теңге жоғары.

Атап айтқанда, республика­лық бюджеттің кірісі 101,8% орындалды. Жоспардағы 4 085,6 млрд теңгенің орнына 4 159,4 млрд теңге түсті. Өткен жылғы өсім – 26,1%. Бұл көбіне әлемдік нарықтардағы еліміздің негізгі экспорттық тауарларына бағаның өсуіне, былтырғы 4 тоқсанда ЭШФ жүйесінде тіркелген тауарлар мен қыз­меттерді өткізу көлемінің артуы­на, сондай-ақ салықтық, кедендік әкімшілендіру нәтижесіне байланысты.

Республикалық бюджет кірісі­нің негізгі бөлігін құрайтын салық­тық түсімдер (98%) 101,6% орын­далды. Жоспардағы 4 012,8 млрд теңгенің орнына 4 077,6 млрд тең­ге түсті. Былтырғы сәйкес кезең­мен салыстырғанда өсім 31,5%-ды құрады. Бұл ретте былтырғы IV тоқсанға (2026 жылғы 25 ақпанға дейін) ҚҚС төлеу мерзімі биылғы қаңтар-наурызға келгенін ескеру қажет. Тиісінше, ҚҚС-тың салық міндеттемелері 12% мөлшерлемеге сәйкес жүргізілді.

Былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда өсім импортталатын тауарларға КТС (+16,9%), ҚҚС (16% мөлшерлемемен есептелген) (+24,2%), пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (+35,7%) сияқты ірі салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджеттердің кірісі 109,3% орындалды. Жоспардағы 2 090,6 млрд теңгенің орнына 2 285,5 млрд теңге түсті. Өткен жылғы өсім – 3,1% (+68,8 млрд теңге).

Жыл басынан бері өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандарға арналған ар­найы салық режімінде 392 мың жеке тұлға тіркелген. ҚҚС төлеу­шілер саны 10 мың субъектіге артты.

Бірінші тоқсанның қоры­тын­дысында инфляцияны төмен­детудің тұрақты үрдісі сақталып отыр. Наурызда инфляция қар­қыны қаңтар-ақпандағы 1,0-1,1%-бен салыстырғанда 0,6%-ға дейін баяулады. Ұлттық экономика министрлігінің болжауынша, 2027 жылдың басында инфляцияның бір мәнді деңгейіне шығу ықтималдығы жоғары.

Бөлісу:
Кіріс артып, инфляция төмендеді · Egemen Qazaqstan