Ә.Қастеев музейіне бір түнде 15 мыңнан астам адам барды
<p>16 мамыр күні Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған «Музей түні» акциясы басталды. Акцияның алғашқы күні музейге 15 100 адам барып, мәдени іс-шараға айрықша қызығушылық танытты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> . </p>

Биылғы акция «Әлемдер тоғысқан музей» тақырыбымен өтіп, ұлттық өнер мен заманауи форматтарды ұштастырған мазмұнды бағдарламаны қамтыды. Келушілер үшін көрмелер, перформанстар, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, шеберлік сағаттары мен квест-ойындар ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында «Жеті қазына» көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық-интерактивті квест-ойыны, мүсіндеу, білезік тоқу және пуантилизм техникасымен сурет салу бойынша шеберлік сағаттары өтті. Акция еліміздегі барлық музей мен музей-қорығында ұйымдастырылып жатыр.
Бүгін ҚР Ұлттық музейінде скрипкашы Назым Мұстафина өнер көрсетеді. Сондай-ақ ҚР Ұлттық орталық музейінде музей қорларын сақтау және коллекцияларды толықтыру тақырыбына арналған арнайы бағдарлама ұсынылады. Ал музей-қорықтарда тарихи ескерткіштерге түнгі экскурсиялар, театрландырылған қойылымдар және өзге де мәдени іс-шаралар өтеді.
Айта кетейік, бүгін музей келушілері үшін түнгі сағат 00:00-ге дейін ашық болады. Кіру тегін.
