Экономика
2 мин оқу 40

Жол сапасына – экологиялық қағидат

<p>Әлемдік тәжірибеде жол құрылысына экологиялық талаптар күшейіп, қалдықсыз технологиялар кең қолданыла бастады. Біздің ел де бұл бағыттан шет қалмай, жол саласына &laquo;жасыл&raquo; инновацияларды енгізуге нақты қадамдар жасап келеді.</p>

Жол сапасына –  экологиялық қағидат

Сонымен жол құры­лы­сы­на эко­ло­гияға зиянсыз заманауи технологияларды енгізу бағыты кү­шейіп жатыр. «Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты» АҚ («ҚазжолҒЗИ») асфальт­бе­тонды қалпына келтіру мен қайта пайдаланудың жаңа ғы­лыми жобасын бастады. Зерттеу жұ­мыс­тарының мақсаты – ескірген асфальтты арнайы жасартқыш құрам арқылы өңдеп, оны жол жамылғысының жоғарғы қабат­тарында қайта қолдануға мүм­кін­дік беру.

Мамандардың айтуынша, мұндай регенерация әдісі құры­лыс қалдықтарын азайтуға, таби­ғи ресурстарды үнемдеуге әрі өнді­ріс кезіндегі көмірқышқыл газының шығарындыларын тө­мен­детуге ықпал етеді. Яғни жол саласында материалдарға «екін­ші өмір» сыйлау арқылы орнықты әрі экологиялық жауапты модель қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл тәсіл әлемдік тәжірибеде «жасыл» технология ретінде кеңінен танылған.

«Жаңа ресурстарды үздіксіз тұтынудың орнына қолда бар материалды қайта қалпына кел­тіру – бүгінде тиімді бағыт. Бұл қоршаған ортаға түсетін жүк­те­мені азайтып қана қоймай, жол саласының экономикалық моделін де жаңа деңгейге шыға­ра­ды», дейді «ҚазжолҒЗИ» жол-құ­рылыс материалдары және жаңа технологиялар бөлімі­нің басшысы, PhD Салтанат Әшімова.

Ғылыми жоба 2025–2027 жыл­дарға арналған ғылыми-техни­калық бағдарламалар конкур­сы­ның нәтижесінде алынған грант аясында жүзеге асырылып жатыр. Зерттеу жұмысы елі­міздің әртүрлі климаттық әрі пайдалану жағдайларына бейім­делген жасартқыш құрам әзір­леуді көздейді. Бұл жол жамыл­ғысының сапасы мен ұзақ­мер­зім­ділігін арттыруға, ал материалдарды қайта пайдалану шығын­да­рын азайтуға ықпал етеді.

Институт өкілдері жобаның нәтижесі тек зертханалық деңгей­мен шектелмей, өндірістік сынақ­тардан өткізіліп, кейіннен құ­ры­лыс алаңдарында қолдануға да­йын­далатынын айтады. Егер тех­но­логия сәтті енгізілсе, асфальт­­­­бетон қалдықтарының көле­мі қысқарып, табиғи инертті материал­дарға деген сұраныс төмен­дейді. Бұл өз кезегінде карьерь­лердің жүктемесін азайтып, экожүйеге түсетін жүктемені жеңілдетеді.

Сарапшылардың пікірінше, «жасыл» инновациялар жасау жол саласын тек экологиялық емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді бағытқа жетелейді. Қайта өңделген асфальтты пайдалану жол құрылысының өзін­дік құнын төмендетеді, ал қал­дық­тардың азаюы қалалар мен ай­мақтардағы эколо­гия­лық ахуалды жақсартады. Көп­те­ген дамыған елдерде жол құрылысының 20-40 пайызы қайта өңделген материалдар есебінен жүргізіледі. Елімізде де осы тәжірибені жүйелі енгізу мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.

Жалпы, жобаның жүзеге асыры­луы еліміздің эколо­гия­лық жауапты экономикаға көшу жө­ніндегі міндеттерімен және халық­а­ралық климаттық бастама­ларға қосылу ниетімен үндеседі. Айналмалы цикл қағи­дат­тарын енгізу – өнеркәсіптің түрлі саласында қалдықсыз тех­но­логия­лар мәдениетін қа­лып­­тастыруға мүмкіндік бере­ді. Осы арқылы жол саласы да «таза тех­но­логиялардың» жаңа кезе­ңі­не қадам басады.

Бөлісу:
Жол сапасына – экологиялық қағидат · Egemen Qazaqstan