Зардап шеккен балалардың ата-аналарының айтуынша, шабуыл 10 және 11 маусым күндері болған. Белгісіз жасөспірімдер бес баланы ұрып-соғып, олардың біріне жасалған шабуыл бейнежазбаға түсіп қалған. Ата-аналар күдіктілердің кастет қолданғанын және олардың кейбірі бұрын профилактикалық есепте тұрғанын мәлімдеді.
Балалардың денесіндегі жарақаттар медициналық мекемеде тіркеліп, құқық қорғау органдарына арыз жазылған. Ата-аналар істің объективті қаралуын қамтамасыз ету үшін оқиға туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы жариялаған.
«Ата-аналар бұл істің тиісті деңгейде бақылауға алынбай қалуынан қауіптенеді. Олар құзырлы органдардан оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаларды анықтап, олардың әрекеттеріне заң аясында құқықтық баға беруді сұрайды», делінген тараған хабарламада.
Астана қалалық полиция департаменті аталған жағдайдың бақылауда екенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, жанжалға қатысқан барлық жасөспірім бір-бірін бұрыннан таныған. Қазіргі уақытта олардың жеке басы анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Семейдегі оқушылар төбелесі: әлімжеттік жасағандарға үкім шықты
Айта кетейік, бұған дейін Таразда мектеп оқушысын жеті қыз жабылып соққыға жыққаны қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.