Алматыда дәрігерлер карусельден құлаған 9 жастағы баланың өмірін аман алып қалды
<p><strong>Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері ойын алаңындағы карусельден құлап, ауыр жарақат алған тоғыз жастағы баланың өмірін сақтап қалды. Оқиғадан кейін бала жедел жәрдеммен ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер оған ми шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты, іш қуысының соғылуы және сол жақ бүйрегінің жыртылуы диагноздарын қойған. Ішкі қан кетудің салдарынан баланың жағдайы күрт нашарлаған, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Мамандар бірнеше жиналыс өткізіп, шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдаған. Емдеу екі кезеңнен тұрған. Алғашқы кезеңде хирургтер 45 минут ішінде сол жақ несепағарға стент орнатқан. Келесі күні екі сағатқа созылған күрделі операция барысында дәрігерлер жыртылған бүйректі тігіп, зақымданған ағзаны сақтап қалуға күш салған.
Дәрігерлер мектеп оқушысының өмірі үшін 20 күн бойы күрескен. Қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсарған.
Медициналық орталық мамандарының айтуынша, ауыр жарақатқа қарамастан баланың бүйрегінің қызметін толық сақтап қалу мүмкін болған.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде қауіпті балалар алаңында жарақат алған 11 жастағы бала ауыр хәлде жансақтау бөліміне түскен болатын.
Бірнеше күн бұрыны Қызылорда қаласындағы «Арай» саябағындағы аттракционда болған жазатайым оқиға салдарынан 18 жастағы жігіт ауыр жарақат алған еді.
