Чехия мен ОАР плей-офф жолдамасы үшін шешуші матч өткізеді
<p><strong>Әлем чемпионатының топтық кезеңінде Чехия мен Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) екінші тур аясында кездеседі. Олар өзара плей-офф жолдамасын сарапқа салады, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Ойын бүгін 18 маусым күні АҚШ-тың Атланта қаласындағы «Мерседес-Бенц Стэдиум» стадионында өтеді. Кездесу Астана уақытымен 19:00-ге жоспарланған.
Қос құрама да әлем чемпионатын жеңіліспен бастағандықтан, бұл ойын топтың төменгі сатысында тұрғандар үшін шешуші кездесулердің бірі саналады. Чехия алғашқы турда Оңтүстік Кореядан 2:1 есебімен жеңілсе, ОАР Мексикаға 2:0 есебімен есе жіберді.
Чехия құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 2006 жылдан бері алғаш рет қатысып отыр. Бас бапкер Мирослав Коубек шәкірттері іріктеу кезеңінде стандартты жағдайлар мен қорғаныстағы жүйелі ойынының арқасында жолдама алған болатын.
Команданың басты үміті тәжірибелі жартылай қорғаушы Томаш Соучек пен шабуылшы Патрик Шикке артылып отыр. Сондай-ақ шабуыл шебіндегі қысымды күшейту үшін негізгі құрамға Адам Гложектің шығуы мүмкін.
Ал ОАР құрамасы сапында қақпашы Ронвен Уильямс, жартылай қорғаушы Тебохо Мокоэна мен шабуылшы Лайл Фостер секілді көшбасшылар бар. Алайда алғашқы турдағы жеңілісте екі ойыншы қызыл қағаз алып, ОАР құрамасы маңызды футболшыларынан айырылған еді.
Айта кетейік, мундиальды алғаш болып бастаған бұл топта Мексика мен Оңтүстік Корея құрамалары да плей-офф жолдамаларын сарапқа салады. Қос құрама ертең 19 маусым күні таңғы сағат 06:00-де ойын өткізеді.