20-21 жас аралығындағы салымшылардың жинағы жеткіліктілік шегінен асып кеткен
<p><strong>Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мәліметінше, 20-21 жас аралығындағы 14 салымшының жинағы жеткіліктілік шегінен асып кеткен. Атап айтқанда, 20 жастағылар үшін бұл шек – 6 670 000 теңге, ал 21 жастағылар үшін – 6 960 000 теңге, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz.</a></strong></p>

Сенат кулуарында журналистердің бірі Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтан жастардың аталған көлемде қаржы жинауы үшін қандай қызметте жұмыс істеуі керек екенін және мұндай жалақысы бар бос жұмыс орындарының бар-жоғын сұрады.
Ведомство басшысының айтуынша, біріншіден, зейнетақы шоты – депозит емес. Еңбек министрлігі жеткіліктілік шегін азаматтар зейнетақы жинақтарын көбейтуі үшін көтеруді ұсынды. Несие төлеу немесе емделуге пайдалану үшін басқа да тетіктер жеткілікті, пандемияға дейін де солай жұмыс істеді.
«Ал осыншама қаражат жинаған жастар кімдер деген мәселеге келсек, оған жауап беру қиын. Өйткені мұндай есепті зейнетақы қоры жүргізеді, біз жүргізбейміз», деді министр.
БЖЗҚ деректеріне сәйкес, жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға жеткілікті қаражаты бар салымшылар барлық жас санаттарында кездеседі. Олардың ең көбі – 41 жастағылар, тіркелген – 1 487 адам. Бұл жастағы азаматтар үшін жеткіліктілік шегі 13 760 000 теңгені құрайды.
Ал Ұлттық статистика бюросы ұсынған 2026 жылдың І тоқсанындағы мәлімет бойынша, Қазақстандағы медианалық жалақы 331 527 теңгені, ал орташа айлық атаулы жалақы 461 486 теңгені құраған.
Зейнетақы жинағын алудың жаңа жеткіліктілік шектері жарияланды
