Филиппинде жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 78 адамға жетті
<p><strong>Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аралы жағалауында 8 маусым күні болған магнитудасы 7,8 болатын жер сілкінісі салдарынан кемінде 78 адам қаза тауып, тағы 30 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы бейсенбі күні Филиппиннің табиғи апаттар қаупін азайту және салдарын жою жөніндегі ұлттық кеңесі мәлімдеді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz.</a></strong></p>

Аталған кеңестің мәліметінше, жер сілкінісі 357 мыңнан астам үй шаруашылығына немесе шамамен 1,5 миллион адамға әсер еткен. Қазіргі уақытта 47 эвакуациялық орталықта 22 мыңға жуық адам орналастырылған.
Филиппиндегі жер сілкінісі: қаза тапқандар саны 55 адамға жетті
Синьхуа агенттігінің мәліметінше, шамамен 74,7 мың тұрғын үй зақымданған, оның ішінде 13,7 мыңы толықтай қираған. Жалпы саны 774 инфрақұрылым нысаны бүлініп, келтірілген шығын көлемі 1,29 миллиард филиппин песосын (шамамен 21,3 миллион доллар) құраған. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы шығын 29,8 миллион песоға (шамамен 493 мың доллар) бағаланып отыр.
Филиппинде сейсмикалық белсенділік жиі байқалады, өйткені ел Тынық мұхитының Отты белдеуі деп аталатын аймақта орналасқан.
Еске сала кетейік, Филиппинде 8 маусымда магнитудасы 7,8 болатын күшті жер сілкінісі тіркелді. Салдарынан 32 адам қаза тауып, Жапония жағалауларына цунами қаупі төнген еді.