Ақын туралы арда сөз
<p style="text-align: left;">Жақында есім-сойы күллі қазаққа жақсы таныс аңыз ақын Тоқаш Бердияров туралы «Тағдырлы дарын» атты естеліктер кітабын ойламаған жерден қолыма түсірдім. Міне, Ақын! Сөзі, іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, қылығы, пендешілігі тұтас тұнып тұрған ақын. Шәкірті Өтежан Нұрғалиевті тыңдап көрейік: «Тоқаш – қазақ лирикасын жасаған тұңғыш ақын. Оған дейін бізде лирика болған жоқ. Абайдікі, әрине, «песенный жанр». Біз лириканы Тоқаштан үйрендік. Екі ауыз сөз болса жұдырық ала жүгіретін «жүйкесі бұзылған» ол үшін лирикадан басқа жол жоқ еді. Оның ғұмырын ұзартқан да осы жанр болды. Адам баласының ешкімге айтпайтын сырын алғаш рет кестелеген де осы Тоқаш. Бірақ, оның еңбегі еш кетті. Қазір ондай адамның болғанын, Мақатаев сияқты талай ақындарды дүниеге әкелгенін бәрі ұмытты. Мен де сол Тоқаштың «өнімімін»... Сол жылдары тек Тоқаштың поэзиясы салтанат құрды. Себебі ол кезде ондай өлең біздің түсімізге де кірмейтін. Оны сол уақытта орыстың Есенинімен салыстыруға болар еді. Қазақтың нағыз мәдениетті лирикасының негізі осылай қаланған».</p>

446 беттен тұратын, көлемі 28 баспа табақты құрайтын салмақты жинақ «Кітап» баспасынан жарық көріпті. Құрастырушысы әрі ақынды жалғыз іздеуші – Қазақстанның құрметті жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Шарахымбай екен.
Жинақты қолға алғанда бірден ойға келген нәрсе: өмірден өткеніне қырық жылға жуықтаса да, мемлекет тарапынан бір де бір кітабы жарық көрмеген қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы үшін мұндай естеліктер топтамасының шығуы еліміздің әдеби-мәдени өміріндегі елеулі оқиға, өткен ғасырдың 60 жылғы ақындар «плеядасының» туұстарына айналған, бірақ «іздеушісі жоқ» ақынға қойылған мәңгілік ескерткіш деуге болады.
Қазақта «тау алыстаған сайын биік көрінеді» деген керемет тәмсіл бар. Бірақ, тосын мінезді Тоқаш ешқашан жанымыздан алыстамайтын, көзі тірісінде өзі шыққан биігімен қашанда қасымызда тұратын ақын. Өйткені Тоқаштың толғаған өлеңдері мен жазған прозасы, айтқан ойлары санамызда әлі жаңғырып тұр, әлі де жаңғыра беретініне күмән жоқ.
Асқар таулар ақша бұлтқа бөленген,
Биіктігі мақталады өлеңмен.
Көктен көлбеп түспес болар биіктік,
Шын биіктік басталады төменнен, – деп жырлайды ақын. Кез келген биіктік пен шыңның төменнен басталатынына кімнің қарсылығы бар?
Оның бәйтеректей биік, дүмінің терең әрі мықты болуы, ой салмағының ауырлығы және бүгінгі қажеттілігі тұрғысынан алғанда да ақын ой-иірімдерінің орны ерекше. Ол жазған өлеңдер мен ойлардың әрі ащы, әрі тәтті дәмін сезінетіндер үшін ақын Тоқаш өмірдің қандай сәтсіздіктерінде болмасын, қашанда жанымыздан табылып отырды десек, артық айтқанымыз емес.
Кітапта «күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын» ақынның өзіндік қолтаңбасын айқындайтын зерттеулер мен естеліктер барынша сұрыпталып алынғаны байқалады. Мысалы, М.Әуезовтің жылы пікірі, сондай-ақ Р.Бердібаев, С.Әшімбаев, Қ.Сәрсекеев, Д.Исабеков, Т.Медетбек, М.Байғұт, Қ.Ергөбеков, Е.Раушанов, Ұ.Есдәулет, Е.Ашықбаев, тағы басқалардың эсселері мен зерттеулері ақын өмірі мен шығармашылық ерекшеліктерін тамаша талдап, жеткізген дүниелер. Бұлардың қай-қайсысының да жазғандары оқырманды бейжай қалдырмайды. Қызықты оқылады.
Жинақтың құрастырушысы, ақын Болат Шарахымбайды тыңдайық:
–Әрине, Тоқаш туралы жазылған дүниелердің бәрін жинаққа енгізуге мүмкіндігіміз болмады. Тек ең таңдаулыларын сұрыптап беруге тырыстық. Меніңше, бұл кітап көрнекті ақын туралы шығып жатқан естелік кітаптардың соңғысы емес. Болашақта Тоқаштың толық энциклопедиялық жинағын құрастырсақ деген жоспарымыз бар. Сол кезде Т.Бердияровпен байланысты барлық дүниені қамтимыз, – дейді ол.
Ал тағдырлы ақынға қатысты қолымызға тиген жинақта қазақ баспасөзінде жарық көрген сын мақалалар, естеліктер мен архивтік құжаттар топтастырылған. Кітап «Кез келген адам – дүниенің кіндігі», «Жазылар естеліктер мен туралы», «Өлең үшін күрес – өмір үшін күрес» атты үш бөлімнен тұрады және әр бөлімінің өзі көтеріп тұрған жүгі бар.
Айта кетейік, Тоқаш – қазақ поэзиясына ешкімді қайталамайтын өзгеше қолтаңбасымен келген ақын. Оның жырларында адамды өзіне магниттей тартып тұратын бір тылсым күш бар дейді зерттеушілер. Бірақ, ол қандай күш? Меніңше, ол – шынайылық және таза ақындық мінез. Ол 1941–1945 жылғы соғысқа қатысып, қан кешкен майдангер, соғыстан кейін Балтық әскери-теңіз флотында су асты кемесінде матрос болып кызмет істеген. Біз тағдырлы ақынның ғұмырбаянындағы осы бір кезеңді ұмытпауымыз керек деп ойлаймын. Себебі ақын мінезін шыңдауда әскери өмірдің тигізген пайдасы көп болғаны сөзсіз. Оның ешкімге ұқсамайтын мінезі мен еш ақында кездеспейтін көркемдік ерекшеліктері оның осы «соғыс көргендігімен» тікелей байланысты болса керек.
Сөз соңында аз таралыммен болса да кітаптың жарық көруіне ақын, жазушы, зерттеуші, публицист Болат Шарахымбайдың жеке өзі мұрындық болып, демеушілік көрсеткенін айтып өтсек, артық болмас деп ойладық. Жақсылық жасауда астындағы жалғыз атын сойып беруге даяр осындай арда азаматтар бар да, қазақ ешқашан жоғалмайды.
Әлібек БАЙБОЛ,
жазушы, әдебиеттанушы