Талды тағылымы
<p style="text-align: left;">Сарыарқаның сайын даласы көне дәуірдің тасқа қашалған шежіресі іспетті. Жақында Қарағанды облысының Шет ­ауданында орналасқан Талды тарихи-археологиялық кешенінің іргесінде өткен «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы дала құпиялары – Талды» атты халықаралық симпозиум осы сөзіміздің айқын дәлелі.</p>

Түркия, Германия, Мажарстан, Ресей елдерінен және отандық ғылым орталықтарынан келген белгілі тарихшылар, археологтер мен антропологтер дәл осы қасиетті мекенде бас қосып, Ұлы дала өркениетінің жаңа қырларын талқылады.
Талды алқабының өңір үшін ғана емес, тұтас адамзат тарихы үшін айрықша маңызға ие екенін ғылыми жиынның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей де атап өтті. Сондықтан шетел ғалымдарының бұл мекенге ағылуы заңдылық. Болашақта бұл құндылықтарды әлемге таныту мақсатында Талды алқабында ашық аспан астындағы зәулім музей қалыптастыру көзделіп отыр.
Симпозиумға қатысушы халықаралық сарапшылардың назарын аударған басты нысан – әйгілі Қаражартас пирамидасы. Талды өзенінің сағасында, Қаражартастың маңында бой көтерген ескерткіш өзінің сәулеттік құрылымымен ерекшеленеді. Сыртқы пішіні сатылы болып келетін нысанды ғалымдар шартты түрде «пирамида» деп атағанымен, Мысыр жәдігерлерінің көшірмесі емес. Бұл – дала өркениетіне, соның ішінде соңғы қола дәуіріне тән Беғазы-Дәндібай мәдениетінің төл туындысы.
«Қаражартас пирамидасы – біздің дәуірімізге дейінгі XIV– XV ғасырларға, яғни бұдан 3,5 мың жыл бұрынғы кезеңге тиесілі. Бұл уақыт Орталық Қазақстанда күрделі әлеуметтік құрылымның қалыптасқанын, тас сәулеті мен жерлеу ғұрыптарының жоғары деңгейге жеткенін көрсетеді. Пирамиданың орталық бөлігінде бір ғана адам жерленген, ал оның айналасындағы қосымша орындар мәртебесі жоғары жақын адамдары немесе отбасы мүшелері болуы мүмкін. Бұл – Қаражартастың қарапайым қорым емес, әлеуметтік-саяси мәні бар күрделі ғұрыптық кешен екенінің айғағы», дейді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жанындағы «Сарыарқа» археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.

Өкінішке қарай, даладағы көне қорымдардың басым бөлігі ерте кезеңдерде тоналып кеткендіктен, жәдігерлер толық сақталмаған. Соған қарамастан, Қаражартастан анықталған қыш ыдыс сынықтары, сүйек қалдықтары мен жерлеу құрылысының архитектуралық белгілері, қабырғалардың батыс-шығыс бағытта қалануы сол дәуір адамының наным-сенімін, өмір мен өлім туралы фәнилік түсінігін және кеңістікке қатысты байырғы танымын айғақтап тұр.
Халықаралық симпозиум барысында Талды алқабының тарихи мәні сан қырлы ғылыми әдістермен сараланды. Мәселен, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов Сарыарқа өңіріндегі ескерткіштерді жүйелі зерттеу арқылы қазақ даласындағы мәдени үдерістердің сабақтастығын тереңірек тануға болатынын, бұл нысандардың мәдени туризмді дамытуға үлкен серпін беретінін алға тартты. Ал түркиялық антрополог Назлы Ақбас Ақкезең қорымынан табылған адам сүйектерін зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Қорымнан шыққан ер адамның жамбас және омыртқа сүйектерінен ұзақ уақыт бойы атқа мінген адамдарға тән анатомиялық өзгерістер табылған. Бұл – Ұлы дала көшпелілерінің өмір салтын нақты айғақтайтын бұлтартпас дерек. Осы ретте археолог Бақдәулет Сыздықов Сарыарқа ескерткіштерін жеке-дара емес, Еуразия кеңістігіндегі ауқымды этномәдени байланыстар жүйесінде, өзара ықпалдастықта қарастыру қажеттігін негіздеді. Жиында заманауи ғылыми әдістер де кеңінен талқыланып, мажарстандық мүсінші-реставратор Эмеше Анна Габор көне дәуір адамдарының бет-бейнесін қалпына келтіру тәжірибесімен, ал Германиядағы Макс Планк институтының палеоботанигі Басира Мир археология мен ботаника ғылымдарының тоғысындағы соны зерттеулерімен бөлісті.
Симпозиумның мазмұнын ұлттық бояумен байытқан тағы бір игі шара – Талды алқабынан табылған археологиялық олжалар көрмесі. Ақ шаңқан киіз үйлерде жасақталған экспозицияларға Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Шет аудандық музейінің қорларындағы сақ дәуіріне тиесілі қазандар, көне қанжарлар, әшекей бұйымдар мен көшпелілер тұрмысынан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылды. Оған қоса, Кеншоқы ауылының қолөнершісі Айгүл Төлеутайқызы секілді жергілікті шеберлердің ұлттық нақыштағы бұйымдары дала мәдениетінің бүгінгі күнмен сабақтастығын әйгіледі. Ғылыми жиынның нәтижелі нүктесі ретінде халықаралық байланыстарды кеңейтуге бағытталған маңызды құжаттарға қол қойылды. Мажарстанның «ARC-heo art-REKO Stúdió Bt.» ұйымы мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі арасындағы меморандум ежелгі адамдардың бет-бейнесін ғылыми негізде қалпына келтіру мен бірлескен зерттеулерге жол ашса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетімен жасалған келісім жас мамандар даярлауға серпін бермек.
Сарыарқа төріндегі тас шежіре әлі талай тарихи ақиқаттың бетін ашары анық.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы