Астанада Алаштың Ақселеуіне арналған тастаяқ турнирі өтті
<p>Елордада қаламгерлер мен БАҚ қызметкерлері арасында бильярдтан жазушы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған турнир өтті. Алаш ардақтысының есімін ұлықтауға арналған бильярд бәсекесі осымен 15-рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Турнирді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі ұйымдастырды. Тастаяқ бәсекесін жоғары мектеп директоры, қаламгер Нұржан Қуантайұлы ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатында Ақселеу Сейдімбектің үзеңгілес достары, қазіргі қазақ руханиятының ақсақалдары Қойшығара Салғара мен Төлен Әбдік құттықтау сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
Жарыс алдында ұйымдастырушылар асқаралы алпыс жасқа толған белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп пен фотограф Шүкір Шахайға шапан жауып, құрмет көрсетті.
Тартысқа толы тастаяқ турнирінде Қойшығара Салғара мен Төлен Әбдік өзара бәсекеге түсті. Жастары 80-нен асқан жазушылар шебер ойын үлгісін көрсетіп, жастарды таңғалдырды. Бәсекеге әйгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбай төрелік жасады.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды «Айқын-Литер» ЖШС директоры, ақын Талғат Ешенұлы иеленді. Ал екінші орын «Қазақстан» ұлттық арнасының режиссері Асылхан Манаповқа бұйырса, үшінші орынды «Хабар» арнасының қызметкері Айдос Сиқымбаев қанжығасына байлады.
Айта кетейік, қаламгерлер арасында Алаштың Ақселеуі атындағы бильярд турнирін өткізу дәстүрге айналған. Соңғы жылдары жарыстың ауқымы кеңейіп келеді. Былтыр турнирдің бас жүлдесін айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы иеленген болатын.