Ұландықтар полицейлерді кәсіби мерекесімен құттықтады
<p><strong>Петропавл қаласында Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетімді оркестрі Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шеру және мерекелік концерт өткізіп, көрерменді тәнті етті. Музыкалық бағдарлама GuardNext жобасы шеңберінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz.</a></strong></p>

Әуелі қаланың ең танымал орындарының бірінде әскери музыканттардың салтанатты шеруі өтті. Одан кейін оркестр концерті басталып, әскери-патриоттық шығармалар мен отандық эстраданың танымал туындылары орындалды. Әскери өнерпаздар ашық аспан астында тұрғындарға рухани демалыс сыйлады. Жұртшылық оркестрдің өнерін тамашалау үшін бір сәт аялдап, әсерлі көріністі ұялы телефонға таспалады. Кеңінен таныс әндер көрерменмен бірге орындалды.
Концерт Қазақстан Конституциясы көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында өтті. Бұл көше ең ұзын Арбат ретінде танымал және бүгінде әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуге үміткерлер қатарында екенін айта кеткен жөн.
GuardNext музыкалық жобасы Ұлттық ұланда тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Жоба әскери-оркестрлік өнерді дәріптеуге, жастардың патриоттық тәрбиесін нығайтуға және әскери қызметшілер мен қоғам арасындағы мәдени байланысты дамытуға бағытталған.
Айта кету керек, шығармашылық жоба ауқымын кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі көрерменнің ықыласына бөленіп келеді. Петропавлдағы концерт жергілікті тұрғындардың өтініші мен шақыруы негізінде ұйымдастырылды.

Бүгінде бірнеше қала тұрғындары да өз өңірлерінде осындай концерттердің өтуіне қызығушылық танытып, GuardNext жобасының қатысушыларын шақыру жөнінде бастама көтеріп жүр.
Бұған дейін Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Астанадағы LRT станцияларында жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні туралы айтылған еді.