Шекаралық ауданның шырайы кіріп келеді
<p style="text-align: left;">Мақаншы – шекара шебіндегі туристік, транзиттік, кедендік, экономикалық маңызы бар аудан. Мемлекет басшысының бас­тамасымен 2024 жылы аудан мәртебесі қайтарылып, тіршілігі қайта түлеген өңір.</p>

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай төрінде: «Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту», деген еді. Бұл ретте Абай облысындағы Мақаншы ауданының экономикалық өсуі, халықтың тұрақтануы аса маңызды.
Осыған орай жуырда ауданға арнайы іс-сапармен барып, ауданның тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Аудан аумағында ел болып ертеңіне ерекше үміт артып отырған – «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы жүріп жатыр. Айтулы жоба Мемлекет басшысы елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынып жатқан құрылыс. Жалпы ұзындығы 303 шақырым. Оның 85,3 шақырымы Мақаншы ауданы аумағы арқылы өтеді.
«Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның Қытай, Ресей және Еуропа елдері, Қытай мен Азия-Тынық мұхиты аймағы арасындағы транзиттік жүк тасымалын дамыту. Құрылысты Қытайдың «China Harbour Engineering Company Ltd» компаниясы жүргізіп жатыр. Теміржол құрылысының жалпы аумағында 1137 адам мен 740 техника жұмылдырылған. Жобаны 2027 жылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Оның аясында 69 көпір мен 359 су өткізу құбырын салу көзделген. Геодезиялық, геологиялық және гидрологиялық барлау жұмысы аяқталып, қазір жобалық құжаттамалар әзірленіп жатыр», дейді жобаға жауапты мамандар.
Осы ретте біз Бақты аумақтарындағы вахталық қалашықтарда болып, жұмыс барысын өз көзімізбен көрдік. Аудандық әкімдіктің мәліметінше, теміржол желісі 43 жер пайдаланушының жалпы аумағы 846 гектардан асатын жер телімдері арқылы өтеді. Осыған байланысты мемлекет мұқтажы үшін арнайы акт рәсімдеу жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ құрылысқа қажетті материалдарды өндіру үшін 9 карьер белгіленген. Оның ішінде бірнеше жер бөлімі ұзақ мерзімге жалға берілген аумаққа кіреді. Жоба аясында Бақты стансасы маңында құрғақ порт пен индустриялық және логистикалық аймақтарды дамыту жоспарланып отыр. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, шекара маңындағы экономикалық белсенділікті күшейтпек.
Облыс әкімі Берік Уәли Мақаншы ауданына барған жұмыс сапарында халықаралық транзиттік теміржол құрылысының жай-күйімен танысқан еді.

«Аягөз – Тарбағатай (ҚХР Тачен аймағы)» теміржол құрылысы Абай облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл – үлкен инвестициялық жоба. Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаевтың тікелей қадағалауындағы құрылыс. Сол себепті бұл жоба екі елдің байланысын арттыра түседі деп сенім білдіреміз. Мұндай теміржол байланысының Абай облысы аумағында жүзеге асып жатқаны – біз үшін мақтаныш. Қазір екі ел арасында 28 млн тонна жүк тасымалы бар. Енді осы теміржол іске қосылғанда тағы 8 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Теміржол Абай облысының Аягөз, Үржар, Мақаншы аудандарының аумағынан өтеді. Жергілікті тұрғындар да жобаның ауқымын, мәнін түсініп отыр. Инвестор компания еліміздегі заңдарды сақтай отырып, белгіленген мерзімде құрылысты аяқтайды деп сенеміз. Сондай-ақ ең маңызды мәселе – жергілікті халықты жұмысқа тарту. Біз мұны үнемі бақылауда ұстаймыз. Инвесторларға облыс тарапынан қандай да бір көмек қажет болса, біз барлық мәселені дер кезінде шешуге, толық қолдау көрсетуге дайынбыз», деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар шекара шебіндегі Бақты ауылында индустриялық-логистикалық парк салу көзделіп отыр. Оның жалпы аумағы – 3 мың гектар. Инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларынан асады. Жобаны іске асыру мерзімі 2027–2035 жылдарға жоспарланған.
«Жобаның бастамашысы әрі инвесторы – «Қазақстан – Қытай индустриялық паркі» бірлескен кәсіпорны. Құрылыс және инфрақұрылым жұмысын «MakWool Group LLP» және Қытайдың «Beijing DDS Decoration and Renovation Engineering Co. Ltd.» компаниялары жүзеге асырады. Индустриялық парк аумағында машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, қытайдың дәрілік шөптерін өңдеу, тұрмыстық техника мен тұрмыстық химия өнімдерін шығару, азаматтық дрондар құрастыру, жаңартылатын энергия және логистика бағытындағы өндірістер ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар еркін сауда қойма аймақтары мен логистикалық орталықтар құрылады», дейді аудан әкімі Дәурен Қойгелдиев.
Оның сөзінше, жоба аясында барлық қажетті инфрақұрылым тартылып, электр, су және кәріз жүйелері жүргізіледі. Сондай-ақ 10 мыңнан аса адамға арналған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу көзделген.
Аймақ басшысы бұл жоба өңірдің транзиттік және өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
«3 мың гектар – үлкен аумақ. Жоба аясында бұл жерге жаңа қала салынады десе де болады. Экономиканың дамуына тың серпін беретін өндіріс нысандары осы жерге шоғырланады. Айталық, осында салынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорнымен Бородулиха, Бесқарағай, Көкпекті, Үржар аудандары серіктесе алады. Өйткені бұл аудандарда майлы дақылдар көп өндіріледі. Сондай-ақ жел, күн энергиясы қашанда қажет. Аягөз – Тарбағатай теміржол құрылысы аяқталған соң, бұл жерден шыққан тауарларды теміржолмен де, автожолмен де экспорттауға мүмкіндік туады», деді Б.Уәли.
Естеріңізде болса, былтыр Бақты ауылындағы апатты жағдайдағы мектептің жайы біраз айтылған. Бейсембай Сахариев атындағы орта мектеп 2016 жылы пайдалануға берілген. Қазір мектепте 363 оқушы білім алып, 115 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Оқу орнында 50 мұғалім мен 12 тәрбиеші еңбек етеді. Нысан ғимараты 7 блоктан тұрады.
Мектеп директорының айтуынша, 2022 жылдан бастап ғимарат қабырғаларында жарықшақтар пайда болып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім ошағының бір бөлігі жабылған болатын. Былтыр 15 наурызда аймақ басшысы ауданға жасаған сапары кезінде мектептің жағдайымен арнайы танысып, тиісті комиссия құрып, нысанды апатты деп тану мәселесін қарастыруды тапсырған еді. Кейін білім мекемесінде күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

Расында, жөндеу барысында мектеп ғимараты толық жаңартылып, бірқатар маңызды жұмыс атқарылғаны байқалады. Атап айтқанда, спорт залында заман талабына сай шешінетін бөлмелер, жуынатын орындар мен әжетханалар жасалған. Сонымен қатар мектеп ішінен санитарлық тораптар орнатылып, технология кабинетіндегі еден жаңартылған.
«Мақаншы ауданындағы білім саласында биыл 5 жоба іске асырылады. Аталған жобалар 4 мектепте және 1 қосымша білім ұйымында жүзеге асырылады», дейді аудан әкімі.
Сонымен бірге «Бақты» кеден бекетін жаңғырту жұмысы былтыр қолға алынған еді. Қытай елімен шекаралас аймақта орналасқан бұл кеден бекеті – халықаралық көлік-логистикалық бағыттағы маңызды нысандардың бірі. 2024 жылы «Бақты» кеден бекетінде жолаушылар терминалының уақытша модулі іске қосылған еді. Соның нәтижесінде жеке тұлғалардың туризм мақсатында кеден шекарасынан өтуіне мүмкіндік жасалды. Қазір өткізу пункті арқылы тәулігіне орта есеппен 6–8 автобус пен 300–350 жолаушы қатынайды екен.
Сонымен қатар бекетте екі жаңа инспекциялық-тексеру кешені жұмыс істеп тұр. Бұл кедендік бақылаудың тиімділігін арттырып, көлік құралдарын рәсімдеу процесін едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Бүгінде өткізу пункті арқылы Қытайдан елімізге тәулігіне шамамен 150 автокөлік кірсе, Қытайға қарай 250-ге жуық автокөлік шығады екен. Құрылыс жұмысы биыл екінші жартыжылдықта толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы шамамен 70 пайызды құрайды.
Бұдан соң Көктерек ауылында болып, жаңадан салынып жатқан зәулім де заманауи 150 орындық мәдениет үйінің құрылысын көріп қайран қалғанымыз рас. Мәдени нысан биыл басталыпты, қазір құрылыс жұмысының 90 пайызы орындалғаны байқалады.
«Ғимараттың жалпы ауданы 909,37 шаршы метрді құрайды. Мәдениет үйінде 150 орындық көрермен залы мен 50 оқырманға арналған кітапхана қарастырылған. Сондай-ақ жаңа клуб ғимаратында ауыл әкімдігі, пошта бөлімшесі және учаскелік полиция пунктін орналастыру көзделген. Бұл тұрғындарға бірнеше әлеуметтік қызметті бір жерден алуға мүмкіндік береді», дейді аудан әкімі Дәурен Бақытжанұлы.
Аталған ауылдық округте осы уақытқа дейін мәдениет нысаны болмаған. Жаңа нысан елді мекеннің мәдени тынысын кеңейтіп, өнер мен шығармашылықты дамытуға серпін бермек.
Абай облысы,
Мақаншы ауданы
