Некеге тұруға мәжбүрлеген: Таразда бойжеткенді алып қашқан үш азамат сотталды
<p><strong>Таразда Алматы облысының үш тұрғыны 19 жастағы қызды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында ұрлағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Оқиға 2025 жылдың қазан айында болған. Қыз ұрлауды ұйымдастырған ер адам жәбірленушімен 5 жылдан астам уақыт бойы жақын қарым-қатынаста болған, алайда қыз оған тұрмысқа шығудан бірнеше рет бас тартқан. Соған қарамастан, ер адам оны ұрлап кетуге шешім қабылдап, бұл іске екі танысын тартқан.
Прокуратураның мәліметінше, үш ер адам алдын ала сөз байласып, күндізгі уақытта күш қолданып, қызды ұрлап кеткен.
Прокуратура қызды еркінен тыс некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында ұрлау қылмыстық құқықбұзушылық болып саналатынын және заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап ҚР Қылмыстық кодексіне «Некеге тұруға мәжбүрлеу» атты жаңа бап енгізілді. Осы нормаға сәйкес, қызды оның келісімінсіз алып қашу («қалыңдық ұрлау» деп аталатын әрекет), сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлеу немесе үгіттеу дербес қылмыстық құқықбұзушылық деп танылды.
Аталған әрекетті жасағаны үшін айыппұл салудан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.