Сурет: qazaly.kz
Адам құқығы тең зайырлы мемлекетте еркінен тыс қызды алып қашу қылмыс деп танылып, заң алдында жауапқа тартылады. Былтыр елімізде қыз алып қашуға қатысты жаза күшейтілді. Өткен жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» 125-1-бабы енгізілді. Бұл норма адамды оның еркінен тыс некеге тұрғызу немесе бірге тұру мақсатында ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде сараланып, кінәлілер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ауыр жағдайларда жаза 10 жылға дейін ұлғаяды.
ІІМ-нің мәлімдеуінше, жаңа өзгерістер күшіне енген сәттен бастап құқық қорғаушылар Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында неке қиюға мәжбүрлеу деректері бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғаған.
Алайда заң қатаңдатылғанымен қыздарға күш көрсететіндер тыйылмай тұр. Биылғы Құрылтайда Президент бұл мәселені қайта қозғады. Қ.Тоқаевтың айтуынша, ер мен әйел өз еркімен шаңырақ көтеріп, некесін мемлекеттік мекемеде ресми түрде тіркейтін дәстүрлі отбасы институтын заңнамалық тұрғыдан нығайту қажет. Мемлекет басшысы елімізде әрбір азаматтың таңдау құқығы барын, оны біреуге күштеп таңа алмайтынын алға тартты.
«Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс», деп қадап айтты Президент.
Осы Нұрай Серікбайдың оқиғасынан соң Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмабеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылғанын хабарлады. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан азаматтардың құқықтық сауаттылығы әлі де төмен екенін айтады. Оның үстіне, сталкингтің құрбаны болған Нұрай Серікбайдың тағдыры да заң тетіктерінің дұрыс қолданылмауынан ушығып, ауыр жағдайға ұласты деп пікір білдірді А.Құспан.
– Тәжірибе көрсеткендей, полиция қызметкерлері арыздарды қабылдап, қарау барысында заң талаптарын толық сақтамай отыр. Осы себепті сталкинг, қыз алып қашу секілді әрекеттерді қылмыстандыру ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында енгізілген еді. Азаматтар қыз алып қашуды әлі дәстүр ретінде қабылдайды. Қыз алып қашудың да формасы бар. Егер екеуара келісіммен жүзеге асатын болса, онда да олар кәмелет жасына толған азаматтар болса, онда әрине, бұл қылмыс болмайды. Қалған жағдайда, зорлықпен жасалған әрекеттің барлығы – қылмыс. Тіпті ер адамды ұстап алып, мәжбүрлі түрде бір нүктеден екінші нүктеге апарса, «Адам ұрлау» бабымен сотталады. Ал неге қызды ұрлаған кезде ол қылмыс болмауы керек? Сондықтан бұл – қылмыс, – деді А.Құспан.
Қыз алып қашу ата-бабаларымыздан қалған мұра деп санайтындар әлі көп. Әсіресе оңтүстік аймақтарда мұндай жағдайлар көптеп тіркеледі. Осы себепті депутат Үкіметке жаңа заңды түсіндіріп, профилактикалық шараларды көптеп жүргізуді ұсынған. Оның айтуынша, жәбірленушілер өз құқығын біле бермейді. Олардың туыстары алып қашуды дәстүр ретінде қарайтындай жағдай қалыптасты. Оны қылмыс деп санамайды. Алдын алуға әрекет жасамайды.
– Өткен жылы Үкіметке әсіресе оңтүстік өңірлерге түсіндіру шараларын жүргізу қажет деп сауал жолдадым. Сонда бізді оңтүстік аймақтардан тек Қызылорда облысы ғана шақырды. Өңір басшысы Н.Нәлібаев жеке өзі телефон арқылы шығып, «осы заңдарды бізге түсіндіріп беріңізші, мен халықты жинайын» деп айтты. Оңтүстіктің қалған өзге өңірлері бұл мәселеге селт етпеді. Мысалы, марқұм Нұрай өзіне қатысты жағдай бойынша құқықтық мүмкіндіктерді толық түсінбеген. Егер сталкингке немесе Қылмыстық кодекстің 125-бабының 1-бөлігіне қатысты нормалар дұрыс түсіндіріліп, қолданылғанда, жағдай басқаша өрбуі мүмкін еді, – деп түсіндірді заңгер.
Депутаттың айтуынша, негізі елімізде қыз алып қашуға қатысты бап 1959 жылы Қазақ КСР Қылмыстық кодексінде болған. 1997 жылға дейін күшінде болған норма осы жылы тәуелсіз Қазақстан өзінің алғашқы Қылмыстық кодексін қабылдаған кезде декриминализация жасалып, бұл бап Қылмыстық кодекстен алынып тасталған.
– 2015 жылы қабылданған Кодекске де аталған бап енген жоқ. Бірақ бұл жолы енгізудің қажеттілігі туындады. Өйткені қоғам тарапынан көп өтініш айтылды. Былтыр Құрылтайда Мемлекет басшысы да осындай ұсыныс айтқан еді. Содан кейін депутаттар да ұсыныс жасады, – деді А.Құспан.
Сондай-ақ қыз алып қашудың дұрыс, бұрыстығын исламтанушы Қабылбек Әліпбайұлы: «Қазақта алып қашу деген бар, сол үшін қызды алып қашу керек деген түсінік қалыптасты. Алып қашып келді дейік, бірақ некеге тұрарда біз бірінші қыздан сұраймыз. «Мына жігітке тұрмысқа шығасың ба?» дегенде, қыз «шықпаймын» десе барлығы зая болады. Бұған ештеңе істей алмаймыз. Өйткені қыз өз еркімен тұрмыс құрамын демейінше неке қиылмайды. Жігіттен емес, бірінші қыздан сұралады. Егер қыз келісіп тұрса, содан соң келісім жігіттен сұралады», деген пікірін білдірді.
Осы орайда әр ер-азамат еркінен тыс қыз алып қашу дәстүр емес, қылмыс екенін түсініп, өзінің де, басқаның да өміріне жауапкершілікпен қараған жөн.